Бірқатар облыс орталығына «Сергек» камералары орнатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірқатар облыс орталығына «Сергек» камералары орнатылады.  Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Астанада 400 жол қиылысын және 300 жол учаскесін «Сергек» жүйесімен жабдықтау басталды. Жылдың басынан бастап осы «Сергек» арқылы 260 мың әкімшілік құқық  бұзушылық анықталды. Бюджетке 740 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Нәтижесінде Астана қаласындағы жол-көлік  оқиғаларының саны 20, қаза  болғандардың саны 50 және жарақат алғандардың саны 23 пайызға азайды. Осындай жобаны Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асыру жоспарланған», - деді ол.

Министрдің дерегінше, ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда жол апаты  көрсеткіші төмендеп,  9670 оқиға тіркелген. Апат салдарынан 12562 адам жарақат алған. Жылдың  басынан бері автомобиль апатынан 1251 адам қаза болған.

«Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі - жүргізушілер тәртібінің төмен болуы. Барлық  көлік оқиғаларының 70  пайызға жуығы  жүргізушілердің  жол ережесін бұзуымен байланысты орын алады. Тек осы жылы ғана 2,2 миллионнан астам жол  ережесін бұзу фактілері тіркелді. Оның көбі фотофиксация көмегімен анықталды. Бюджетке 8,9 млрд теңгеден астам сомаға  айыппұл өндірілді. 18 мың мас жүргізуші ұсталды. 26 мың адам көлік басқару  құқығынан айрылды. 2,2 мың адам әкімшілік қамауға алынды», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Соңғы жаңалықтар