Бірқатар мемлекет басшылары Халықаралық Түркі академиясын 10 жылдығымен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық Түркі академиясының 10 жылдығына әлемнің бірқатар елі құттықтау лебізін жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.

2010 жылы 25 мамырда Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Нахчыван келісімі негізінде құрылған Түркі академиясы бүгінде толыққанды халықаралық ұйымға айналды.

Ең алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркі интеграциясының архитекторы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Академияның 10 жылдық мерейтойына құттықтау хат жіберді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас халықтардың ортақ тарихы мен тамырын жаңғырту, өркениеті мен мәдени құндылықтарын насихаттауда академияның табысты еңбек еткенін айтты.

«Көптеген зерттеулер мен ағартушылық жұмыстар нәтижесінде түркітілдес мемлекеттердің бай мұрасы төрткүл дүниеге паш етіліп, ата-бабадан мирас болып қалған туыстық өзінің баянды жалғасын табуда. Осы ретте, Академия қызметкерлерінің тұщымды ойы мен салиқалы еңбектері түркі дүниесімен ғана шектелмей, халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылып, жоғары бағасын алғанын ерекше атап өту орынды. Бұл бағындырар белестер түркі әлемінің мерейін үстем, бірлігі мен болашағы берекелі ету жолындағы қажырлы жұмыстың жарқын көрінісі екені сөзсіз», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көршілес Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтен Академия басшысы Дархан Қыдырәліге құттықтау хаты келіп түсті. С. Жээнбеков қысқа мерзім ішінде Түрік академиясының маңызды халықаралық ғылыми шаралар өткізіп, түркология салаларында іргелі ғылыми еңбектер жариялағанын және және түркі мемлекеттері арасындағы рухани интеграцияны нығайтуға үлес қосқанын атап өтті.

«Соңғы жылдары Академия қырғызтану ғылымын дамытуға, қырғыз мәдениетін түркі әлеміне және басқа елдерге таныстыруға, қырғыз ғалымдарын түркология әлеміне белсенді қатысуға шақырды. Біз бұл мүмкіндікті бағалаймыз», - деді Қырғызстан басшысы.

Түркия Республикасының сыртқы істер министрі Мавлют Чавушоғлудан академия президенті Дархан Қыдырәлінің атына құттықтау хат келіп түсті.

«Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтіп, түркі тілдерін, әдебиетін, мәдениетін, тарихы мен этнографиясын зерделеуде түркі әлеміндегі бірлікті, ынтымақтастық пен ықпалдастықты нығайту жұмыстарын іске асырып отырған Түркі академиясының жұмысын жоғары бағалайтынымды жеткізіп, алдағы қызметіне мол табыстар тілеймін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сізді және академия ұжымын Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!» делінген құттықтау хатта.

Өз кезегінде Моңғолияның Тұңғыш Президенті, академик Пунсалмаагийн Очирбаттан академияға жүрекжарды лебізін жолдады. Құттықтау хатында П. Очирбаттан академия басшысын мерейлі межемен құттықтап, көшпенділерінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге қомақты үлес қосқанына ризашылық білдірген.

«Әрі қарай Сіздің қолдауыңызбен екі ел ғалымдарының бірлескен зерттеулерінің қарқыны артады деп кәміл сенемін. Сонымен бірге елдеріміздің аумағындағы ортақ тарихи-мәдени мұраларды зерттеу жұмыстарына сәттілік тілеймін» деді ол.

Мажарстан Ұлттық ассамблеясының вице-президенті, әйгілі ақын Шандор Лежак та бұл мерейлі датаны елеусіз қалдырмады.

«Түркі академиясы бүгінде түркі мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауда, бүкіл әлемде түркологияны дамытуда жетекші рөл атқарып келеді. Бұл құрылым идеясының өміршеңдігін көрсететін өте маңызды нәтиже. Мажарстанның бұл академиямен байқаушы ретінде ынтымақтасып жатқанына ерекше қуаныштымын. Халықаралық Түркі академиясына түркі өркениетін сақтау мен дамытуда жаңа табыстар тілеймін», - деді Ш. Лежак.

Халықаралық ұйымдар арасында ТҮРКСОЙ (Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы) Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Академия басшысы Дархан Қыдырәліге құттықтау хатын жолдады.

«Академия ұжымы, әсіресе, ортақ түркі тарихы оқулығын жазып, оны түркітілдес елдердің білім беру бағдарламаларына енгізуге, түркі жұртына ортақ ірі ғалымдардың мұрасын әлемге танытуға еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясы соңғы кездері түркі өркениетінің отаны - Алтай аймағында жүргізілген археологиялық ізденістері түркология саласындағы ірі ғылыми жаңалықтарға бастау болары анық», - деп жазды Д. Қасейінов.

Түркі тілдес елдер парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов Халықаралық Түркі академиясын 10 жылдық мерейлі белесімен құттықтады.

«Түркі академиясы түркі әлемінің интеллектуалды орталығына айналды. Түркі академиясының қызметі ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан бауырластық байланыстарды нығайтуды көздейтін бастамалар тұрғысынан зор маңызға ие. ТҮРКПА мен Түркі академиясы арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде қалыптасқан. Қос ұйым бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Алдымыздағы кезеңдерде де ынтымақтастығымыздың артып, жемісті бола түсеріне сенім білдіремін», - деді А. Мамаюсупов.

Еске сала кетсек, 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысты ортаға салған болатын. Жиынға қатысқан Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия президенттері бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

2010 жылдың 25 мамыры күні Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты.


Соңғы жаңалықтар