Бірқатар елде маймыл шешегіне қарсы шектеулі вакцинация басталды
2022 жылғы 25 мамыр 17:03

Бірқатар елде маймыл шешегіне қарсы шектеулі вакцинация басталды

АММАН. ҚазАқпарат – Көптеген мемлекеттер маймыл шешегі вирусының өршуіне қарсы күресу үшін шектеулі вакцинацияны бастауға ниет білдіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Khaleej Times-ке сілтеме жасап.

Әлемнің бірқатар мемлекетінің үкіметі мамыр айынан бастап 19 елде 237 күдікті және расталған жағдай тексерілгеннен кейін осындай шешім қабылдады.

ДДҰ инфекция жұқтырғандардың көпшілігінде ауру ауыр түрде өтпегеніне қарамастан, бұл сан артуы мүмкін деп болжап отыр. Осыған байланысты кейбір ел қазірдің өзінде сақтық шараларын енгізе бастады.

АҚШ

Денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері штаттарда инфекцияның бес дерегі - Массачусетс штатында біреу және ортопоксвирус тұқымдасының тағы төрт жағдайы анықталғаннан кейін «Jynneos» вакцинасының кейбір дозасын ұсынуға дайын екендігін мәлімдеді.

«Дәл қазір біз вакцинаға мұқтаж адамдарға мүмкіндігінше таратамыз деп үміттеніп отырмыз. Бұл санатқа маймыл шешегіне шалдыққандармен байланыста болғандар, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және ауыр дертке ұшырау қаупі жоғары адамдар жатады», - деді АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы директорының орынбасары Дженнифер МакКуистон.

Ұлыбритания

Ел билігі мұндай шешімді алғашқылардың бірі болып қабылдады. Өткен аптада кейбір денсаулық сақтау қызметкерлеріне және маймыл шешегін жұқтырып алуы мүмкін басқа да адамдарға вакциналар ұсынды.

Франция

Денсаулық сақтау органдары сейсенбіде маймыл шешегіне шалдыққан адамдармен байланыста болған қауіпті топтардағы ересектерді, сондай-ақ осы ауруды жұқтырған науқаспен байланыста болған медицина қызметкерлеріне екпе салуды ұсынды.

Дания

Елдің денсаулық сақтау басқармасы хабарлағанындай, вирус жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста болғандарға вакцина ұсынылды. Бұл елде екі адам ауру жұқтырған.

Германия

Бұл елде 40 мың доза вакцинаға тапсырыс берілді. Егер елде жағдай ушығып кетсе, індет жұқтырған адамдармен байланыста болғандарға қолданылады.

Ғалымдар вирустың SARS-COV-2 сияқты оңай таралмайтынын ескере отырып, Covid-19 сияқты пандемияға айналмайды деп болжап отыр.

Маймыл шешегі – Батыс және Орталық Африканың кейбір бөліктерінде таралатын жеңіл вирустық инфекция. Ол негізінен осы ауруға шалдыққан науқаспен тығыз байланыста болғанда жұғады және осы уақытқа дейін әлемнің басқа бөліктерінде сирек кездесіп келді. Сондықтан, оның қазіргідей таралуы алаңдаушылық тудырып отыр. Ауру жұқтырудың көптеген жағдайы Еуропада тіркелді.

Англия сейсенбіде инфекцияның 14 жаңа дерегі туралы хабарлады. Елде 7 мамырдан бастап науқастардың жалпы саны 70-ке жетті. Ал, БАӘ мен Чехияда алғашқы жағдайлар тіркеді.

«Біз маймыл шешегіне байланысты эпидқағалауды күшейтуге шақырамыз. Оның қалай таралып, қайда жылжып бара жатқанын байқауымыз керек», - деді ДДҰ инфекция қауіптеріне ғаламдық дайындық жөніндегі директоры Сиьви Бриан.

Ол бұл вирустың осылайша таралуы қалыпты жағдай еместігіне назар аударып, оны ұстап тұруға болатынын, яғни екпе мен емдеу тәсілдері барын да айтты.

Еске салсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елде маймыл шешегін жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқтығын мәлім етті.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT