Бірқатар бизнес жеңілдікке жету үшін мүгедекке қамқорлықты қағаз жүзінде ғана орындап отыр - Б. Смағұл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі бірқатар бизнес жеңілдікке жету үшін мүгедекке қамқорлықты қағаз жүзінде ғана орындап отыр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл осы мәселені көтерді.

Айта кетерлігі, аталған мәселе бойынша «Ұшқын» атты Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорнынан депутатқа хат келіп түскен. «Мемлекет басшысы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» құру стратегиялық мақсатын белгіледі. Ендеше Елбасымыз тапсырғандай, еңбек етуге қабілетті және қызығушылығы мен құлшынысы бар мүгедек жандарды жұмыспен қамтып, олардың қоғам өміріне араласуына, әлеуметтенуіне мемлекеттік органдар, жеке кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдар болып мүмкіндік жасауы керек. Алайда бұл салада қиыншылықтар тууда», - дейді Б. Смағұл. Оның сөзіне қарағанда, Үкіметтің 2011 жылғы 31 қаңтардағы №64 Қаулысына енген мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің саны 125-ті құрған. Қазіргі кезде соның тек 45-і жұмыс істеп тұрса, оның ішінде белсенді жұмыс жасайтын мүгедектер ұйымдарының саны 16 ғана.

«Бұл жерде тағы бір түйткілді мәселе туындап, ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қатты алаңдатуда. Кейбір ірі кәсіпкерлер мүгедектердің құжаттарын жинап алып, ұйым құрып, оны кезінде ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы №64 Қаулысындағы мүгедектер мекемелерінің тізіміне енгізген. Ондағы мақсаты - мүгедектер мәселесін шешуге деген шынайы қамқорлық емес, «Мемлекеттік сатып алулар заңының» нормаларын ұтымды пайдаланып, өз ұпайларын түгендеу, қара басының пайдасын күйттеу болған», - дейді депутат.

Осындай олқылықтың салдарынан әлгіндегідей мекемелер өздеріне қағаз жүзінде ғана мүгедектерді тіркеп қойып, шын мәнінде он екі мүшесі сау адамдарға жұмыс жасатуда. Оның үстіне кейбір мекемелер цехтарында көрші елдердің азаматтарын (өзбектерді) жұмысқа алған. Ал жарымжан жандар болса, өздеріне лайықталған жұмыс орындарына алынбай, далада қалып жатыр.

«Кезінде жүздеген зағиптар мен мылқауларды еңбекпен қамтып отырған оқу-өндірістік кәсіпорындар базасы бүгінде жеке азаматтарға жалға беріліп, тігін, полиграфиялық, жиһаз цехтарына айналған. Бұл жалға алушылар тек аяқ-қолы балғадай, дені сау адамдарды ғана жұмысқа тартады. Бірақ құжат түрінде осы мекемелерде мүгедектер «жұмыс істеуде», дей келе депутат еліміздегі мүгедектер мекемесін толық тексеру қажеттігін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар