Бірқатар ауыл әкіміне жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіріліп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі қаңтар айында еліміздің бірқатар аймағында аудан және ауыл әкімдеріне қатысты сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысында Кентау қаласының Ескі Иқан ауылдық округінің әкімінің пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Оған жер учаскесінің ахуалдық схемасына қол қойғаны үшін жеке кәсіпкерден бұрын келісілген 4 млн. 150 мың теңгенің 2 млн теңгесін пара ретінде алды деген күдік келтіріліп отыр.

Әкім кінәсін мойындады және адвокаттың қатысуымен жедел тергеу жүргізу туралы өтінішті мәлімдеді.

Алматы облысында Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен әкімдіктің лауазымды тұлғаларының Жаңадәуір ауылындағы 10 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығынан жеке қосалқы шаруашылыққа заңсыз өзгертуге қатыстылығы тексерілуде.

Аталған аймақта Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі санаторийлік, су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілерде жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп күдіктелуде.

Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында күдіктіге қатысты күзетпен ұстау санкцияланды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Олардың кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.

Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік қызмет туралы Заңға бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің отставкасын көздейтін түзетулер қолданысқа енгізілген (Заңның 3-бабының 3-1-тармағы).)


Соңғы жаңалықтар