Бірінші жартыжылдықта денсаулық сақтау саласында 76 қылмыстық іс қозғалды - Қаржы полициясы

None
None
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылдың 6 айында қаржы полициясы органдары денсаулық сақтау саласында 76 қылмыстық іс қозғады,

 18 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Ал  келтірілген залал сомасы 185 млн.теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстікқазмедтехника» ЖШС директоры Н. Халимоваға қатысты 24 медициналық мекемеге гематологиялық сараптаушы алуға бөлінген бюджет қаражатын ірі мөлшерде ұрлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тергелуде. Аталмыш аппараттар адам ағзасындағы қан құрамының көрсеткіштерін анықтауға арналған», деді ресми өкіл.

 Оның сөзіне қарағанда, 2006 жылы «Оңтүстікқазмедтехника» ЖШС жалпы құны 77 млн. 800 мың теңге «ВС-3000 Plus» маркасының гематологиялық сараптаушыларын алу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып танылды. Алайда, медициналық мекемелерге әкелінген сараптаушылар 2-3 ай жұмыс істеген, олар қан құрамының 18 көрсеткіші бойынша нормамен салыстырғанда 2000 есеге ауытқып көрсеткен.

 «Аталған қан сараптаушыларының Қазақстанда тіркелмегендігі және жалған жасалғандығы, сонымен бірге ГОСТ-қа сәйкес келмейтіндігі тергеу барысында анықталды. Тергеу қорытындылары «ВС-3000 Plus» маркасының гематологиялық сараптаушыларын жасаушы өндірістің өкілдерімен расталды, яғни бұл аппараттар қолдан жасалған және оны жасап шығарған мемлекеттің аты белгісіз», деді М. Жұманбай.

Соңғы жаңалықтар