Бірінші раундтағы нокауттан кейін Елеусінов рейтингте жоғарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Профи-боксшы Данияр Елеусінов (8-0, 4КО) BoxRec.com белді сайты ұсынатын әлемдік рейтингте позициясын жақсартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында жазылғандай, кәсіпқой рингтегі 8-інші жеңісінен кейін Елеусінов тоғыз сатыға жоғарылап, 161-ден 152-інші орынға орналасты.

BoxRec жартылай орта салмақтағы рейтингте барлығы 2092 боксшы көрсетілген. Мұндағы көшбасшы – WBO чемпионы, америкалық Теренс Кроуфорд (35-0, 26КО). Одан кейінгі орындарда IBF чемпионы, АҚШ өкілі Эррол Спенс (25-0, 21КО) және WBA (Super) титулының иегері, филиппиндік Мэнни Пакьяо (62-7-2, 39КО) тұр.

Қазақстандық боксшылар арасында Елеусінов әзірге үшінші келеді. 65-інші орында WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian екінші дәрежелі белдіктерінің иегері Нұрсұлтан Жанабаев (8-0, 5КО) орналасқан, 116-ыншы орында – Бобыржан Момынов (10-0, 8КО).

Еске салайық, Олимпиада чемпионы Д.Елеусінов 14 қыркүйек күні өткен кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті. Нью-Йорктегі бокс кешінде оның қарсыласы жеңіліп көрмеген америкалық Решард Хикс (12-1-1, 6КО) болды. Ол Данияр үшін ең қауіпті оппонент саналды. Дегенмен, Данияр Хиксті бірінші раундта-ақ нокдаунға жіберіп, артынан нокаутқа түсірді.

DAZN Twitter-дегі парақшасында «Қазақтар жайындай жапырды, Вау!» деп таң қалысты. Ал АҚШ-та оны аты аңызға айналған Майк Тайсонмен салыстырды.

Алдағы жекпе-жектерде Данияр чемпиондық атаққа таласады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар