Біріккен үш банктің жаңа филиалы ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда жаңа «Форте банк» АҚ-ның бөлімшесі ашылды. Естеріңізге сала кетейік, биыл көктемде Альянс, Темір, Форте банктердің бірігетіні туралы қауесет шыққан болатын.

Бүгін «Альянс банк» АҚ кредиторларының 90,5 пайызы банкті қайта құрылымдау туралы жоспарды қолдады. Осыдан 9 күн бұрын банктің акционерлерінің 99,74 пайызы «Темір банк», «Фортебанк», «Альянс банк» банктерінің бірігуін қолдап дауыс берген болатын. Қазіргі таңда үш ұйымның бірігуінен құралған «Форте банк» деп аталатын жаңа банктің меншікті капиталы 900 млн АҚШ долларын (160 млрд теңге) құрап отыр.

Осындай нәтижемен жаңа банк 3-орынға тұрақтамақ. Активтер көлемі бойынша біріккен банк үздік бестікке кіре алмайды. Алайда, «Форте банк» АҚ басқарма төрағасы Гурам Андроникашвилидің айтуынша, Альянс банк сапалы қаржыландырылған банк болады. Оның портфелі өтімді болмақ. «Біз Қазақстанның банк жүйесі қалай жұмыс жасауы керектігін көрсетеміз. Біз нарықты жаулауға дайынбыз. Бұл банк қаржы нарығы саласында салмақты ойыншы болатынына сенемін», - деді «Альянс банк» АҚ басқарма төрағасы Тимур Исатаев.

Оның айтуынша, жаңа банк өзінің несібесін тұтынушылық несиелеуден іздемек. Алайда, назардан ШОБ саласы да шығарылмайды.

«Қазір бөлшек несиелеуге, соның ішінде кепілдемесіз несиелеуге сұраныс түсіп келеді. Сондықтан, осыны да ескере отырып, ШОБ-ты, заңды тұлғаларды несиелеуді де басты назарда ұстаймыз», - деді Т.Исатаев.

Жаңа банкті кімдер басқаратыны әзірге белгісіз. Акционерлердің жиынында өзгерген директорлар кеңесі тағайындалады. Банк басқармасының болашақ құрамын жаңа директорлар кеңесі сайлайтын болады.

Соңғы жаңалықтар