«Birgemiz» қоры Мырзакентте 20 үй тұрғызу үшін 340 млн теңге бөлді - Бауыржан Байбек

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тасқыннан зардап шеккен мақтааралдықтарға Елбасының сәлемін жеткізді. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге Мырзакент ауылында бой көтерген жаңа ықшамауданның болашақ қоныс иелерімен кездесіп, тұрғындардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мырзакент кентінде төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб отырысын өткізіп, табиғи апат салдарын жою барысына қанықты. Отырыс барысында сөз алған Бауыржан Байбек топан судан зардап шеккен ауылдардағы инфрақұрылымдық желілерді яғни жол, ауыз су, газ құбырларын қайта қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ерекше қолдау көрсету сынды мәселелерге айрықша мән беруге шақырды. Мұнан соң Мырзакент кентінің шығыс жақ бетіндегі салынып жатқан жаңа шағынауданға атбасын бұрды. Ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жаңа шағынауданда партия атынан 20 үй соғылатынын жеткізді. Алғашқы үйдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Яғни, Елбасының бастамасы бойынша Тұңғыш Президент Қоры мен «Nur Otan» партиясы құрған «Birgemiz» қоры Мырзакент елді мекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдап отыр. Осылайша топан су астында қалған Достық ауылы тұрғындарының баспана мәселесі толықтай шешілмек. Мұндағы жұмыс сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың қатысуымен, ерекше партиялық бақылауда болатынын атап өтті.


«Елбасының тапсырмасымен осында келіп отырмын. Ертең оны баяндайтын боламын. Қай күйде екендеріңізді жақсы түсінемін. Аяқ астынан болған жағдай, аз уақыттың ішінде. Өмірзақ Естайұлы өзі Арыста болды, басқа да қиын жағдайларда. Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласы салынып жатыр. Ең тәжірибелі әкімдердің бірі. Сіздер жалғыз қалмайсыздар. «Nur Otan» халықтың партиясы болғандықтан, біз сіздермен біргеміз», – деді Бауыржан Байбек.

Елбасының сәлемін естіген мақтааралдықтар бір марқайып қалды. Алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.

Айта кетейік, жаңа шағынауданда алдағы екі айда жаңа 505 үй бой көтеретін болады. Сондай-ақ, мұнда 1500 орындық білім ұясы мен 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілмек. Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық қажеттіліктер: яғни, жол, су, газ құбырлары тартылып, сәулеті келіскен шағынауданға айналмақ.


Бауыржан Қыдырғалиұлы назарынан ауылдарын су басып, бүгінде Атакент кентіндегі эвакуациялық орталықтарға жайғастырылған Достық, Жеңіс, Фирдоуси, Жаңатұрмыс және Өргебас ауылдарының тұрғындары да тыс қалған жоқ. Ондағы кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап алып, «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына алғыстырын білдірді. Мұнан соң «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Атакент кентінде орналасқан облыстық штабтың орталықтандырылған қоймасына барды. Ондағы зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созып жүрген бір топ еріктілермен кездесіп, пікір алмасты. Олардың Мақтааралдағы апаттың салдарын жою бағытындағы бастамаларына ризашылығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар