«Birgemiz» қоры барлық шығындар туралы есеп береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай бойынша қайырымдылық қаражаты жиналатын «Birgemiz» қоғамдық қоры барлық шығындар туралы есеп береді.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Birgemiz» қорына түскен қаражат туралы күн сайын ақпарат беріліп жатыр. Қазір көрсетілетін көмек түрлері мен көмек алушылардың санаттарын, азаматтардың тізімдерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге, қордың жаңадан құрылған веб-сайтында барлық шығындар мен чектер көрсетіліп, тұтас есептік ақпарат жарияланады», - деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде.

Айта кетейік, Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына еліміздің барлық өңірінен қайырымдылық ретінде қаражат түсіп жатыр.

Бұған дейін «Birgemiz» қоғамдық қоры ұстанатын негізгі 10 қағида жарияланған еді.

Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында - 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы - 3 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Ақмола облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.

Сонымен бірге, Дәурен Абаев карантин режимі күшейтілген кездегі көшеде жүру талаптарын түсіндірген еді.

Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады.


Соңғы жаңалықтар