#Birge #TazaQazaqstan: Таразда 61,8 шақырым жағажайдан 258 тонна қоқыс шығарылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдықтар жалпы республикалық сипат алған #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясынан шет қалмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір жұма бұрын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасынан қолға алынған акцияның негізгі мақсаты — су айдындарын күл қоқыстан тазарту.

Сенбілік облыс орталығы Тараз қаласының аумағындағы «Қарасу – 1», «Қарасу - 2», «Түйте», «Төрегелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату дренажды», «Тайвань», дренажды каналардың бойы, «Талас» өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» мөлтек аудандарындағы каналдардың жағажайларында ұйымдастырылды. Барлығы 21 нысан тазартылды.

Шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров бастаған облыс әкімі аппаратының және барлық мемлекеттік мекемелердің, өнеркәсіп орындарының қызметкерлері мен түрлі сала мамандары бір кісідей аталған шараға қатысты.

«Бүгінде баршамыз бір кісідей осы каналдар мен өзендердің маңайын тазартуға жұмылып отырмыз. Бұған қала тұрғындары да өз белсенділіктерін танытуда. Бұл бастама тек қала аумағында және облыстың барлық 10 ауданында жүзеге асып жатыр. Ауылдық елді-мекендердегі өзендер мен каналдардың, тіпті қамыс басқан арық-атыздардың да аумақтары тазалануда. Бұл шара атауына сәйкес елді бірігіп еңбек етуге, айналаны таза ұстауға үндейді», – деген Нұржан Календеров экологиялық акцияның маңыздылығын атап өтіп, облыс тұрғындарын жағажайлар мен су айдындарының аумағын таза ұстауға шақырды.

Айта кету керек, Тараз қаласы бойынша жүргізілген сенбілікке 4535 адам қатысып, 47 техника жұмылдырылды. Жалпы қала аумағында 61,8 шақырым каналдардың бойы тазартылып, 258 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Соңғы жаңалықтар