#Birge #TazaQazaqstan: Елордада экологиялық акцияға қатысқандар 16 тоннадан астам қалдық жинады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экологиялық акция барысында Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауы қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас қаладағы тазалық акциясына 5 мыңнан астам елордалық қатысып, 16 тоннадан астам қоқыс жиналды. Оның ішінде мемлекет қайраткерлері, қоғам белсенділері, жастар мен еріктілер тобы бар. Сенбілік қатысушылары қала іргесіндегі Есіл, Қарасу өзендері мен Майбалық көлі және Вячеслав су қоймасының маңайын тазартты.

«Демалыс күніне қарамастан, көптеген қала тұрғындары белсенділік танытып қатысты. Бүгінгі тазалық шарасына қатысқан әрбір азаматқа алғыс білдереміз. Біз табиғатта демалуды ұнатамыз, демек табиғатты таза ұстап, экологияға жауапты болуымыз керек. Тазалық әр адамның өзінен басталады», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар, қала басшысы аталған экологиялық акцияның тұрақты түрде жалғасын табатынын айтып өтті.

Сондай-ақ, аталған тазалық шарасына Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған, Үкімет мүшелері мен қатар бірқатар министрлер қатысты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қала маңындағы адамдар демалатын өзен-көлдер жағалауына қоқыс контейнерлері қойылатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар