#Birge#TazaQazaqstan: Ақмолалықтар жаппай экологиялық акцияға атсалысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мыңдаған адамның қатысуымен республикалық #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласының Қопа көлі жағасындағы тікұшақ алаңынан басталған акцияға облыс басшысының орынбасары Қанат Ыдырысов бастаған ақмолалықтар қатысты. Акция облыстың барлық аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларында өтті. Облыс орталығында өткен акцияға 10 мыңнан астам адам қатысып, Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясын қолдап, қазақстандықтарды оған қатысуға шақырған болатын. Соған бүгін ақмолалықтар, оның ішінде Көкшетау тұрғындары бір кісідей атсалысуда. Акцияға түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, шағын және орта бизнес өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілерден құралған 10 мыңнан астам адам қатысып, Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты», - деді Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, облыс бойынша акцияға барлығы 15 мыңнан аса адам қатысатыны айтылған еді.

Акция кезінде Көкшетаудағы Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауынан бөлек, Бұқпа тауының аумағы, Кенесары мен Сағдиев көшелерінің аралығындағы жағажай аумағы, Абылай хан даңғылы өтетін Қылшақты өзенінің жағасы, Қылшақты өзені арқылы өтетін Сүлейменов және Әшімов көшелерінің бойындағы көпірлердің аумағы, Қопа көлін айналып Краснояр бағытындағы саяжайлар баратын жолдың шеті қоқыстан тазартылды. Осы күні челленджге Ақмола облысының барлық елді мекендері қолдау көрсетті. Шараға облыс бойынша 44 мыңнан астам адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар