#Birge #TazaQazaqstan: Акция дəстүрлі түрде өткізіліп тұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл шілде айында еліміз аумағын қоқыстан тазарту бойынша белсенді шаралар басталып кетті. Еске салсақ, айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді.

Арада көп ұзамай, Экология министрі #Birge #TazaQazaqstan акциясын жариялап, қоршаған ортаның тазалығын қалайтын барлық азаматтар, қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері мен экология белсенділері бұл шараға өз үлестерін қосуға кірісіп кетті.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдайтынын айтты. «Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдаймын. Елді тазалық аймағына айналдырайық. Бірге - Таза Қазақстан! Жарайсыңдар, волонтерлар! #Birge #TazaQazaqstan», - деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

Өткен аптада экологиялық акцияға атсалысқан Премьер-Министр Асқар Мамин Қоянды су қоймасының жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарына қолғабыс жасады.

Үкімет басшысы барлық облыс басшыларын министр Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасын жалғастыруға шақырды. «Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», - деді А. Мамин.

Айтпақшы, Қазақстан мектептері мен балабақшаларына экологиялық тәрбиеге арналған қосымша сабақ енгізілмек. Бұл жайында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлім етті.

«ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, барлық мектептер мен балабақшаларда экологиялық сағаттарды іске қосамыз. Өйткені тазалық ұғымын санаға бала жастан бастап сіңіру керек», - деді министр Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан аумағында ЭКО-Челлендж қозғалысына өңірлер тұрғындары жаппай атсалысып отыр.

Таңертеңнен бері өзендер мен көлдердің жағалауын қоқыстан тазарту бойынша жұмыстар іске асырылуда.

Акция барысында елордалықтар Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауын тазартты.

«Үкімет бастаған барша қазақстандық тазалық акциясына қош келдіңіздер! Бұл шара қазір республикалық дәрежеде өтіп жатыр. Сол сияқты бұл акцияны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзі қолдап, бәрімізді Қазақстанды таза әрі жасыл ел етуге шақырды. Өткен апта Үкімет бастаған акцияны біз де қолдап, осы апта одан әрі жалғастырудамыз. Бүгінгі шараға белсенді қатысып жатқан барша астаналықтарға алғыс білдіреміз» - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Айтулы тазалық шарасына бас қаладағы министрлік, қалалық әкімдік және басқармалардың 1 500-ден астам өкілі атсалысуда. Одан бөлек, еріктілердің де қарасы қалың. Сондай-ақ, экологиялық акцияны қолдап Үкімет басшысы Асқар Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысуда.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, бас қаламыздың маңайындағы адамдар демалатын өзен-көлдердің жағалауына қоқыс контейнерлері қойылатын болады.

Бұдан бөлек, 27 шілдеде Атырауда Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазарту науқаны өтті. Оған барлық тұрғындардың қатысу мүмкіндігі болды. Әкімдік қоқысты тазартатын қаптар, оны тасымалдайтын техника берді.

Сонымен қатар, бүгін Ақмола облысында мыңдаған адамның қатысуымен республикалық #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясы өтті.

Көкшетау қаласының Қопа көлі жағасындағы тікұшақ алаңынан басталған акцияға облыс басшысының орынбасары Қанат Ыдырысов бастаған ақмолалықтар қатысты. Акция облыстың барлық аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларында өтті. Облыс орталығында өткен акцияға 10 мыңнан астам адам қатысып, Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты.

Олардың арасында түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, шағын және орта бизнес өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер бар. Осы күні челленджге Ақмола облысының барлық елді мекендері қолдау көрсетіп отыр. Акцияға облыс бойынша 44 мыңнан астам адам атсалысты.

Мұнымен қоса, бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы 19 қала мен ауданда бір мезетте өткен #Birge #TazaQazaqstan атты экологиялық акциясына қатысты.

Оған өңірдің 33 мыңнан астам тұрғыны жиналып, демалыс орындарының аумағын қоқыстан тазартуға қатысты. Сөйтіп, бірнеше сағаттың ішінде 800 тоннадан немесе 3 206 текше метрден астам қоқыс жиналып, аралдар мен саябақтар, өзен жағалаулары, қазаншұңқырлар тазартылды.

Осы аптада Қызылорда облысы Арал ауданында республика бойынша өтіп жатқан экологиялық акция басталған болатын. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов акцияға қатысып, қызылордалықтарды шараны өткізуде белсенділік танытуға шақырды.

Сонымен қатар, Алматы қаласы да #TazaAlmaty қала кеңістігін тазарту бойынша жалпықалалық акцияны жариялады.

27 шілдеде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Көкжайлау шатқалын тазарту бойынша #TazaAlmaty экологиялық акцияның алғашқы кезеңін бастайды. Челленджге қатысушылар ұзындығы 5 км болатын шатқалға соқпақ жолмен көтеріледі. Жол бойындағы қоқыстар жиналады.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және өңірдің 20 мыңнан астам тұрғыны «Бірге - таза Қазақстан шарасына қатысты.

Өңір басшысының бастамасымен жаппай экологиялық сенбілік барлық қалалар мен аудандарда өтті. Ерлан Қошанов челлендждің қоғамды біріктіруге және әртүрлі идеяларды ілгері тартуға септігін тигізетін бейресми тәсілі екенін атап өтті.

Жалпы, осы ауқымды экологиялық шара бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті. Акция аясында күн сайын табиғит жанашырларының қатары қалыңдап келеді және бұл шара дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады деген сенім бар.

Бүгін түстен кейін Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында #Birge #TazaQazaqstan экологиялық сенбілігіне қатысқан əрбір тұрғынға шын жүрегінен алғысын білдірді.

«Акция бір реттік болмауы тиіс, барлығын осы дəстүрді жалғастыруға, отандастарымызды өз бойына қоқысты бөлектеп жинау мəдениетін сіңіруге шақырамын. Экосенбілікке бүгін еліміз бойынша 150 мыңнан аса адам жиналып, көпшілік демалатын жерлер мен өзен жағалары жүздеген тоннадан астам қоқыстан тазартылып, ол бөлек сұрыпталды. Волонтерлерге тағы да Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған үкімет мүшелері қосылды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар