«Birge» сайты: Астана тұрғындарынан қандай ұсыныстар түсіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласын тұрғындармен бірлесе отырып дамыту мақсатында ашылған «Birge» сайтына 10 күн ішінде 130 ұсыныс түсті. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала басшысы түрлі бағыттар бойынша келіп түскен 130 ұсыныстың кейбіріне тоқталып өтті.

«Мысалы, білім беру саласы бойынша студенттер қоғамдық көлікте төлем жасай алатындай бірыңғай студенттік карта жасау ұсынылды. Картаға студенттердің шәкіртақысы, университетке кіріп-шығу да байланыстырылады. Сондай-ақ, оны қала мекемелерінде жеңілдік талоны ретінде пайдалануға болады. Қызметі осыған ұқсас картаны бұған дейін мектептерде іске қосқан едік», - деп жазды А.Көлгінов Instagram-да.
Астананың тағы бір тұрғыны Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида) ауданында шолу алаңын құруды ұсынған. Әкімнің айтуынша, бұл аумақта биыл қоғамдық кеңістікті кеңейту және абаттандыру арқылы ауқымды көгалдандыру жұмыстары жалғастырылады.

«Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткеліне де байланысты идеялар айтылды. Түнде бағдаршам жарығын күшейту ұсынылды, «күшті жарық жүргізушіге жаяу жүргіншілердің бары туралы сигнал береді«. Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Пилоттық жоба ретінде Қабанбай батыр даңғылы мен Атасу көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелін іске қостық. Таңдалған орын қараңғыда үш жарықдиодты проектордың арқасында ерекшеленеді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер кез келген ауа райында жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жолағын көре алады. Егер осы жоба өзінің пайдасын көрсетсе, жол трафигі жоғары басқа учаскелерге де енгіземіз», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, елорда тұрғынының бірінен сенімсіз тауар жеткізушілер мен қызмет ұсынушыларды іздейтін бірыңғай жүйе жасау бойынша ұсыныс түскен. Бұдан бөлек, Astra Bus қосымшасын 2GIS мобильдік қосымшасымен интеграциялау, жылы аялдамалар базасында шағын супермаркеттер ашу және өзге де жобалар бар.
«Өздеріңіз білетіндей, «Birge« сайтының жұмысы тұрғындардың қаланы дамыту жөніндегі ұсыныстары бірыңғай базаға түсуі және елордамызды бірлесіп дамытуымыз үшін іске қосылды. Платформа қарапайым: бірінші - идеяны ұсыну, екінші - іріктеу, үшінші - жобаны жүзеге асыру.
Қалада тұрғындардың ең жақсы ұсыныстарын жүзеге асырамыз. Елорданы «Нұр-Сұлтан - жайлы қала« мастер-жоспары аясында дамытудамыз, қаланы шынымен жайлы ете аламыз», - деп түйіндеді Алтай Көлгінов.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен аталған сайттың қала тұрғындары үшін тиімділігі жөнінде айтып берген еді.


Соңғы жаңалықтар