Бірғаным Әйтімова мектептегі тамақтандыру туралы: 100 теңгеге не әзірлеуге болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бірғаным Әйтімова орта мектептерде оқушыларды тамақтандырудағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Апта сайын сайттарда, мерзімді баспасөз басылымдарында бірқатар өңірлердің жекелеген мектептерінде оқушылардың тағамнан уланып жатқаны туралы ақпарат шығып тұрады. Кейде уланған оқушылардың саны 20-ға жетіп жатады. Осыған орай мектептегі тамақтандыруда кешенді мәселелерді шешу қажетті туралы Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал әзірленді», - деп тоқталды сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша денсаулық көрсеткішінің негізгі талаптарының бірі  - ол тамақтануға қатысты. Оқушылардың тамақтануы тиімді әрі пайдалы болуы тиіс, өйткені бұл уақытта ағзаның қалыптасуы процесі жүреді.

«Білім туралы» Заңға сәйкес, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган білім алушылардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады. Қалған балаларды ата-аналары ақылы түрде тамақтандырады. Өткінішке қарай, соңғы кезде жеке кәсіпкерлер қызмет көрсететін бірқатар мектеп асханаларында ас мәзірі талаптарға сай келе бермейді, тағамдар технологиялардан ауытқумен әзірленеді. Сонымен қатар есептен жеу және кем өлшеу жағдайлары кездеседі. Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырушы осы салада жұмыс тәжірибесін жинауға да үлгермей жатып, жыл сайын ауысады. Тендерлер өткізу кезінде бірқатар облыстарда жергілікті білім беру басқармалары тағам құнының бір оқушыға санағанда тек қана 100 теңгеден аспауын талап етеді. 100 теңгеге не әзірлеуге болады? Осының салдарынан еліміз бойынша мектеп асханаларында оқушылардың сапасыз тағамнан улануы көбейе түсті», - деп атап өтті Бірғаным Әйтімова.

Осы орайда өкілетті органдармен бірлесіп, жаппай бастауыш сыныптардың оқушыларын ыстық тағаммен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеп, оларды іске асыру ұсынылды. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру тұрғысында қызмет көрсету туралы шарттардың қолданылуы мерзімін бір жылдан үш жылға дейін ұзарту мәселесі көтерілді.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептегі тамақтандыру комбинаттарын құру мүмкіндігін қарау ұсынылады. Сонымен бірге, бұл мәселеге мектептегі тамақтандыруды орталықтандырылған басқару сияқты жаңа институтты енгізу жағынан қарау қажет», - деп түйді депутат.

Фото: sibdepo.ru

Соңғы жаңалықтар