Біреулер үшін бюрократияның болғаны тиімді - Үкімет басшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев салық және кеден шараларын автоматтандыруды «уақыт күттірмейтін мәселе» ретінде белгіледі. Себебі бүгінде Қазақстан халықаралық сауда жағынан артта қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Doing Business рейтингісінде біз халықаралық сауда бойынша 189 елдің ішінде 122-орында тұрмыз. Бұл - ТМД мемлекеттері ішінде ең төмен көрсеткіш. Сондықтан салық және кеден шараларын автоматтандыруды жылдам атқару қажет. Ол - уақыт күттірмейтін үлкен әрі маңызды шара», - деді Үкімет басшысы.

Бақытжан Әбдірұлы ақпараттық технологияларды енгізу саласында әлі де біраз кемшіліктердің бар екенін жеткізді. Алайда ондай технологиялар іске қосылса, көп ұзамай, істемей қалатынына да баса назар аударды. «Енді, бұл жерде адам факторы да бар екенін ұмытпауымыз қажет. Себебі біреулер үшін бюрократияның болғаны тиімді. Ол бюрократия артынан жемқорлыққа ұласады. Әсіресе, салық және кеден саласында аталған мәселе өзекті болып тұр», - деп атап көрсетті ҚР Премьер-Министрі.

Оның айтуынша, бүгінде ақпараттық технологияларды енгізуге қатысты пилоттық жобаларды ұзаққа созбай, кеден, салық және тағы басқа салаларған жан-жақты таратқан маңызды.

Айта кетейік, отырыс барысында Бақытжан Сағынтаев тондарды таңбалау сияқты шараларды дер кезінде қолға алу қажеттігін атап өтті. Себебі бюджет миллиардтаған салықтан қағылып отыр. 

Ал ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ақпараттық технологиялардың арқасында қанша қағаз үнемдеуге болатынын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар