Бір жылда құс еті 28 пайызға қымбаттады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір жылда елімізде құс еті 27,9 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Energyprom.kz порталының мәліметінше, биылдың қаңтар-шілде айларында салқындатылған құс еті 64,2 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 3,5 пайызға артық. Сонымен қатар, 75,9 мың тонна мұздатылған құс еті өндірілді, бұл көрсеткіш 2021 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,1 пайызға жоғары.

Бұл саладағы өндірістің басым бөлігі Алматы және Ақмола облыстарына тиесілі. Ақмола облысында салқындатылған құс етінің 38,4 пайызы және мұздатылған құс етінің 18,6 пайызы, Алматы облысында салқындатылған еттің 16,6 пайызы және мұздатылған құс етінің 50,6 пайызы өндірілді.

Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша отандық компаниялар құс еті мен субөнімдерге сұранысты 71,1 пайызға қамтамасыз етті. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 68,9 пайыз болды. Осы кезеңде өндіріс көлемі 4,2 пайызға артты. Бұл тұрғыда ет импорты 6 пайызға, яғни 58,7 мың тоннаға дейін қысқарды.

Аталған кезеңде ішкі нарықта өткізілген көлем 196,8 мың тоннаны құрап, бұл бір жыл бұрынғыдан 5,3 пайызға артық болды.

Биылғы тамыз айының қорытындысы бойынша құс етінің құны бір жылда 27,9 пайызға қымбаттады. Оның ішінде тауық 25,9 пайызға, төс еті – 29,3 пайызға, сирағы мен сан еті 29,5 пайызға қымбаттады.

Өңірлік тұрғыда құс етінің қымбаттауы бойынша жоғары көрсеткіш (43,8 пайызға) Маңғыстау, Ақтөбе (37,8 пайызға), Павлодар (35,2 пайызға) облыстарында байқалды. Ал Қарағанды облысында бұл көрсеткіш бір жылда 15 пайызды құрады.


Соңғы жаңалықтар