Бір жылда баға 13,2 пайызға өсті - Ұлттық банк
2022 жылғы 17 мамыр 18:48

Бір жылда баға 13,2 пайызға өсті - Ұлттық банк

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сәуір айында тұтыну бағаларының айлық өсімі 2% құрап, жылдық инфляция 13,2% дейін жеделдеді. Инфляцияның барлық компоненті бойынша бағаның өсу қарқыны жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Сәуір қорытындысы бойынша тұтыну бағалары 2%-ға өсті, бұл 2000 жылдан осы айға дейінгі аралықта ең жоғары көрсеткіш болды.

Бағаның жылдық өсімі 13,2%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 12%) жеделдеді.

Азық-түлік инфляциясы 2022 жылғы сәуірде жылдық мәнде 17,9%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 15,4%) жеделдеді.

Ұн-жарма өнеркәсібі өнімдерін өндірушілердің қоры қысқарып, әлемдік баға өскен тұста нан-тоқаш өнімдері мен жарма түрлеріне бағаның өсуі 2021 жылғы қарашадан бері жалғасып келеді.

Сәуір айында өндірушілер бағасының өсуі себебінен ет пен сүт бағасы тез шарықтады.

Осы жылдың наурыз айында қант бағасы едәуір өскен соң биыл сәуір айында сақталып отырған жоғары сұраныс пен өндірістің төмендеуі аясында бағаның қалдық өсуі байқалды.

Жеміс пен көкөністің де бағасы тоқтаусыз өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсу қарқыны осы жылдың сәуір айында 11,1%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 10,9%) жеделдеді.

Импорттық баға өскесін дәрі-дәрмектің, киім мен аяқ киімнің де бағасы тез өсті.

Сонымен қатар, құрылыс материалдары мен жеке пайдалануға арналған тауарлардың бағасы шарықтады.

Ақылы қызметтер инфляциясы сәуірде 8,9%-ға дейін жеделдеді (2022 жылғы наурызда – 8,3%).

Жоғары сұраныс пен тұрғын үй құнының қымбаттауы есебінен абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы өсу қарқынын азайтқан жоқ.

Сонымен қатар, сәуір айында шаштараздар мен амбулаториялық қызметтердің, мейрамханалар мен қонақ үйлердің бағасы көтерілді.

Эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келе бастағанда сәуірде әуе қызметінің бағасы күрт өсті.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілер бағасының жылдық өсімі 21,6%-ға дейін баяулады (2022 жылғы наурызда – 23,3%).

2021 жылы бидайдың түсімі аз шығып, жем-шөп дақылдары қымбаттаған тұста азық-түлік тауарлары арасында нан-тоқаш, макарон өнімдерінің, ұн-жарма және сүт өнімдерінің бағасы қарқын ала өсті.

Ауыл шаруашылығында бағаның жылдық өсімі 18,5%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 17%) жеделдеді.

Өсімдік шаруашылығында дәнді және жем-шөп, көкөніс пенбақша дақылдары бағасының өсу жағынан жеделдегені байқалды.

Мал шаруашылығы өнімдері арасында тірі мал мен құстың бағасы баяу өсті, жұмыртқа бағасының төмендеуі қалыпты болса, шикі сүттің бағасы қарқын ала өсті.


Ұқсас жаңалықтар
Норвегиядағы инфляция соңғы 34 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
2022 жылғы 10 тамыз 17:42

Норвегиядағы инфляция соңғы 34 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Норвегияда соңғы 12 айда тауарлар мен қызмет көрсету бағасы орта есеппен 6,8 пайызға өсті. Бұл жөнінде сәрсенбі күні Корольдіктің Орталық статистикалық басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл – 1988 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Ведомствоның өкілі Эспен Кристиансен инфляцияның негізгі қозғаушы күші азық-түлік пен алкогольсіз сусындар бағасының «тарихи» өсуі екенін айтты.

Маусымнан шілдеге дейін бұл тауарлар 7,6%-ға қымбаттаған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,45 есе жоғары.

«Біз бұрын-соңды бір ай ішінде азық-түлік бағасының осыншама көтерілуін бастан өткерген емеспіз», - деп атап өтті Кристиансен.





Фото: 24.kz



Солтүстік Қазақстанда қантқа қатысты дүрбелең басылды
2022 жылғы 10 тамыз 10:41

Солтүстік Қазақстанда қантқа қатысты дүрбелең басылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қантқа қатысты дүрбелең басылып, өнімнің келісі 500 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «Рахмет» сауда-ойын-сауық орталығы мен «Северный 2» супермаркетінде өткен аптамен салыстырғанда сұйық май, ұн және қант арзандаған. Қант жеткілікті мөлшерде бар, бағасы – 500 теңге. Алайда, картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз бір отбасына 5 келіден ғана сатылып жатыр. Картоптың бағасы 172 теңгеден басталады.

«Северный» сауда желісінің әкімшісі Юлия Петрованың айтуынша, қантқа қатысты дүрбелең қазір жоқ. Маусым мен шілдеде тұтынушылар дүкендер ашылғанға дейін 2 сағат бұрын кезек түзген еді.

«Тауарды жеткілікті көлемде уақтылы жеткізіп беруге қатысты қиындық ара-тұра туындап қалуы мүмкін. Қазір консервациялау кезеңі жүріп жатқанына қарамастан, сұйық майға қатысты да мәселе жоқ. Барлық үш дүкенімізде азық-түлік қоры жеткілікті. Ұн арзандады, 253 теңгеден сатып жатырмыз. Кей тауар түрлері болмай қалса, өзіміз іздеп табамыз, бірақ бағасын тым қымбаттатпаймыз, әрі кетсе 50-60 теңге үстеме қосамыз», - дейді Юлия Петрова.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, партияның мониторингтік топтары бір апта ішінде өңірдегі сауда орындарына 100-ден астам рейд өткізді. Мұндай бақылау енді дәстүрлі түрде жүргізілмек. Осылайша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз көтерілуіне қарсы күреседі. Дерек анықталған жағдайда ақпаратты тиісті ведомстволарға жолдайды.

Партияның мониторингтік тобы тұрақтандыру қоры арқылы сатылатын 19 түрлі өнімнің бағасын бақылайды. Ал, бұл тізімге енгізілмеген тауар түрлерінің бағасы әлі де болса аспандап тұр.

«Бағаға белгілі бір бақылау және сараптама міндетті түрде қажет. Бұған дейін қант бағасы ерекше шарықтап кеткен болса, бүгінде 500 теңгеден еркін сатылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар тауар өндірушілермен және жеткізушілермен байланыс орнатқанын, соның нәтижесінде тауардың кейбір түрлеріне бағаны тұрақтандыру мүмкіндігі бар екенін көріп отырмыз. Жалпы, өткен аптамен салыстырғанда жағдай біршама түзелген. Алайда, жағдай осы қалпында үнемі өзгеріссіз сақталады деп айта алмаймыз, өзгеруі мүмкін», - дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова.


Қазақстанда пияз бағасы соңғы айда шамамен 12 % өскен
2022 жылғы 6 тамыз 15:03

Қазақстанда пияз бағасы соңғы айда шамамен 12 % өскен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметте азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты өткен жиында Премьер-Министр Әлихан Смайылов пияз бағасының өсуін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Соңғы айда пияз бағасы орта есеппен 11,9%-ға өсті. Бір айда Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында бағаның ең жоғары өсуі тіркелген.

«Әріптестер, қантпен болған жағдайдың объективті сыртқы себептері болса, пияз бойынша жағдай – жүргізілген жұмыстың шалалығының нәтижесі. Әкімдіктердің барлық мүмкіндіктері болды, олардың қатарында астықты жеткізу бойынша уақытылы келісімшарттар жасасу тетігі бар. Өңірлер әкімдеріне оны тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін белсенді түрде пайдалануды тапсырамын. Осы мәселеде әр жұмысты уақытылы орындау маңызды екенін атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT