Бір жылда 34 мың адамға онкологиялық диагноз қойылған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 34 мың адамға бірінші рет онкологиялық диагноз қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, жыл сайын әлемде 18,07 млн адамға онкологиялық диагноз қойылады. 2018 жылы онкоаурудан 9,6 млн адам көз жұмған. Рактың ең жиі кездесетін түрлері - өкпе рагы, сүт безі ісігі, тоқ және тік ішек ісігі, қуық безі мен асқазанның қатерлі ісігі.

Дәрігерлердің айтуынша, ауру деңгейіне әсер етіп отырған кең таралған мәселелердің бірі - медициналық көмекке кеш жүгіну және ауру диагностикасының қолжетімділік деңгейінің төмендігі.

Алматыдағы баспасөз мәслихатында Америкалық және Еуропалық хирургтар коллегиясының мүшелері, білікті онкологтар қазір бүкіл әлемде диагностиканың мынадай әдістері сұраныста айтты. Ол - рентгенография, ультрадыбыстық зерттеу, тексерудің эндоскопиялық әдістері, компьютерлік томография, МРТ (магниттік-резонанстық томография), ПЭТ-КТ (позитрондық-эмиссиондық томография, компьютерлік томография), онкомаркер тестілері, ұлпа биопсиясы.

ПЭТ-КТ - ішкі органдарды зерттеуге мүмкіндік беретін томография түрі. Ал онкомаркер - аурудың ерте сатысында онкоаурудың бар-жоғын анықтап беретін қан талдамасы.

«Диагностикада біз әлемдік медицинаның заманауи тәсілдерін қолдануға тырысамыз. Мысалы, стамбулдық клиника тәжірибесінде ауруды ерте сатысында анықтайтын бірегей әдіс - СTC (Circulating Tumor Cells - айналмалы ісік клеткалары) деп аталады. Оны сондай-ақ «сұйық биопсия» деп те айтады. Ол рактың дамуын қан тамшысынан, ерте сатыда білуге көмектеседі. Ал бұл кезде оны дәстүрлі әдстермен анықтай алмайсың», - дейді радиациялық онкология профессоры, Еуропалық радиациялық хирургтар қоғамының (ESTRO) мүшесі Хале Чалар.

Бүгінде әрқилы қатерлі ісіктерді емдеуде аурумен тиімді күресуге мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер қолданылады.

«Барлық тиісті терапевтік процедуралардан кейін көрсетілетін паллиативті медициналық көмектің маңызы зор. Паллиативті көмек - онкологтар, фармацевтер, әлеуметтік сала жұмысшылары мен медбикелердің тәжірибесіне негізделген кешенді әдіс. Оның мақсаты - пациенттің үйреншікті өмір салтын барынша қамтамасыз ету», - дейді профессор Хале Чалар.

Соңғы жаңалықтар