Бір жыл ішінде екінші рет сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаған мемлекеттік қызметшілерді қызметінен босату туралы ұсыныс жасалды

None
None
ОРАЛ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы болып, онда мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің мәліметі негізінде Ақжайық аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Илдус Оразбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Гүлбану Құлмұханова және «Ақжайық аудандық демалыс орталығы» МКҚК директоры Ерлан Хабибуллиннің істері талқыға салынды. Аталған лауазымды қызметкерлер Қарауылтөбе мен Базартөбе ауылдарындағы мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырып, мәдениет үйінің сахнасын жөндеуге арнайы рұқсаты жоқ екі ЖШС-ны жеңімпаз деп таныған. Осындай іс-әрекеттерімен бір жыл ішінде екінші рет сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасағаны үшін И.Оразбаев пен Е.Хабибуллинді қызметінен босату, ал Г.Құлмұхановаға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Ақжайық ауданы әкіміне ұсыныс жасалды.

Сондай-ақ осы отырыста мәселесі қаралған ҚР ІІМ БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары Константин Кабанкинге ескерту беру ұсынылды. Мұндағы мәселенің мән-жайы мынадай. Аталған мекеме бейнетіркеуші құралдарына мемлекеттік сатып алу жүргізіп, бір ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Мекеме, өкінішке қарай, тауар жеткізілместен бұрын қаржыны төлеп жіберген. Тауарды мезгілінде әкелмеген серіктестікке айыппұл да салынбаған, сөйтіп сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасалған.

Зеленов ауданы Первосовет ауылдық округінің әкімі Нұрболат Нұрғалиев мемлекеттік қызметке тұрса да, өз кәсібін жаппаған немесе сенімді басқаруға бермеген. Оған да ескерту берілетін болды.

Отырыста облыстық тәртіптік кеңес құрамына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Әлібек Сағындықовтың енгізілгені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар