Бір жолдама, бір медаль: Нұр-Сұлтанда күрестен әлем чемпионатының төртінші күні аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында «классиктер» арасындағы бәсеке толығымен аяқталды, деп жазады Olympic.kz.

Елорда төрінде грек-рим күресінен 60, 77 және 130 келідегі жеңімпаздар мен жүлдегер есімі анықталып, әйелдер күресінен төрт салмақ дәрежесіндегі финалистер есімі белгілі болды. Қазақ жанкүйерінің қуанышына орай, бүгін қазақстандық балуандар бір медаль мен бір жолдама жеңіп алды.

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы әлем чемпионатын бір күміс және екі қола медальмен аяқтады. Қорлан Жақанша (55 келі) мен Алмат Кебіспаевтың (63 келі) жеңісті жолын Мейрамбек Айнағұлов жалғастырды. 60 келіде белдескен Айнағұлов кіші финалда украиналық Ленур Темировті 10:0 есебімен жеңіп, өзінің жүлде қоржынын әлем біріншілігінің қола жүлдесімен толықтырды. Осыған дейін Мейрамбек 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген болатын.


77 келідегі кіл мықтыларды жүлдеден қаққан Асхат Ділмұхамедов әлем біріншілігін бар болғаны бесінші орынмен тәмамдады. Роман Власов пен Виктор Немешке көп күш жұмсаса керек, қазақ балуаны кіші финалда жеңіліс тапты. Қола медаль үшін күресте өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан айла асыра алмай, 1:3 есебімен жеңілген Асхат Олимпиада жолдамасын қанағат тұтады.

Осылайша, Бақтияр Байсейітов баптайтын грек-рим күресінен Қазақстан командасы өз еліміздегі доданы алтынсыз аяқтады. Чемпионат басталғанға дейін күрес мамандары мен балуандар елордамызда Әнұран шырқату қажеттігін көп айтқан. Десе де, Байсейітовтің 20 жыл бұрынғы жетістігін шәкірттері бұл жолы да қайталай алған жоқ. «Классиктер» әлем чемпионатынан бір күміс, екі қола және Олимпиаданың екі жолдамасын жеңіп алды.

Әлем чемпионатында әйелдер күресіне де кезек келді. Бүгін 50, 53, 55 және 72 келі салмақ дәрежесіндегі белдесулер өткен болатын.

53 келідегі Татьяна Ахметова алғашқы белдесуінде Беларусь балуанына есе жіберіп, турнирді тәмамдады. Ал 50 келідегі Валентина Исламова бұрымды балуандар арасынан алғаш болып Токио жолдамасына қол жеткізді. Исламова Франция, Беларусь және Түркия балуандарын қатардан шығарып, жартылай финалға жеткен болатын. Алайда, аса тартысты өткен белдесуде румыниялық Эмилия Вукпен тең түскен жерлесіміз финалдан сырт қалды. Соңғы ұпайды иеленген Эмилия ақтық сында айқасады. Валентина Исламова ертең қола медаль үшін кілемге шығады.

55 және 72 келіде ел намысын қорғаған Марина Седнева мен Жәмила Бақбергенова да жартылай финалға дейін сүрінбеген. Бірақ екі спортшымызға да финалда күресу бақыты бұйырмайды.

Марина жартылай финалда жапониялық Ирие Нанамиден, Жәмила Олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьевадан таза жеңілді. Ертең екі балуанымыз да қола жүлдеге таласады.

Ертең, 18 қыркүйек күні, Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында әйелдер күресінен 57, 59, 65 және 76 келі салмақ дәрежесіндегі іріктеу айналымы басталады.

Грек-рим күресінен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

60 келі

1. Кенихиро Фумита (Жапония)

2. Сергей Емелин (Ресей)

3. Мейрамбек Айнағұлов (Қазақстан), Әли-Риза Неджати (Иран)

77 келі

1. Тамаш Лоринц (Венгрия)

2. Алекс Кессидис (Швеция)

3. Жалғасбай Бердімұратов (Өзбекстан), Мохаммадали Гераеи (Иран)

130 келі

1. Риза Каялп (Түркия)

2. Оскар Пино (Куба)

3. Якоби Каджая (Грузия), Хейки Наби (Эстония)


ФОТО: Сали Сабиров, Данияр Майлыбаев, Ізтұрған Алдауев. Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар