Бір үстелде 3 адам: Елордада дәмханалар қалай жұмыс істеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда сыйымдылығы 30 адамға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірақ, олардың жұмысына құзыретті органдар бірқатар санитарлық талап қойып отыр.

«Қаланың бас санитарлық дәрігерінің талабымен, дәмханада 50 орынға ғана рұқсат етілген. Арақашықтық сақтау үшін келушілердің арасында бір бос үстел тұруы керек. Осылайша, ғимараттың ішкі және жазғы алаңдарын қосқанда, жалпы клиент саны 30-дан аспауы тиіс. Тамақтану орнында міндетті түрде дезинфекциялық құралдар болуы керек, келушілер маскамен кіріп, дезинфекциялық құралды пайдаланып, кезекке тұрғанда да арақашықтық сақтағандары жөн», - деді Нұр-Сұлтан әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының Сауда және қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Азамат Рашитов тілшілерге берген сұхбатында.


Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының төрт ауданында дәмханалар жұмысын тексеретін арнайы мобильдік топтар құрылған. Оның құрамына полиция, әкімдік және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері кірген.

«Тамақтану орындары бүгіннен бастап ашылды. Алдын ала барлық нысанға ақпарат жолдап, барлық талапты түсіндірдік. Осы талаптарға дайын нысандар ғана ашылды, дайын еместері күте тұруды ұйғарды. Сондықтан мобильді топтар нысандарды жіті тексеру жүргізеді, әлеуметтік желілер мен iKomek арқылы халықтың арыз-шағымын ескереді. Олар санитарлық талап сақталмаған, көп шағым түскен дәмханаларды жабуға да құқылы. Үлкен мейрамханалардың ашылуы әлі қарастырылмайды, оған санитарлық дәрігердің рұқсаты керек», - деп түсіндірді әкімдік өкілі.


Сонымен бірге, «Marrone Rosso» кофеханасының аға әкімшісі Гаухар Есікбаева ТЖ режмінен кейінгі алғашқы жұмыс күні туралы сұхбат берді.

«Нұр-Сұлтан бойынша кофеханамыздың 6 филиалы бар. Әзірге соның біреуі ғана ашылды. Мұнда да барлық санитарлық талаптарды сақтауға тырысамыз. Қызметкерлерге маска мен қолғап кию міндеттелген. Сағат сайын олардың қызуы мен көңіл-күйін бақылаймыз. Келушілер де дәмханаға маскасыз кіре алмайды. Өкінішке қарай, көп адам жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсінбейді. Маскасыз келгендерге тегін маска таратамыз, қажет болса олардың да дене қызуын өлшейміз. Себебі олар біздің қызметкерлермен байланысады, сол үшін барлық талапты сақтауға мүдделіміз», - деді Гаухар Есікбаева.


Әзірге кофехана таңғы сағат 9:00-ден кешкі 23:00-ге дейін, демалыс күндері - 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Ғимараттың кіреберісінде, барда, ас бөлмесінде және дәретхана маңында антисептик құтысы орнатылған.

«ТЖ режиміне дейін 70 орынға клиент қабылдайтын едік. Ал қазір 50 орынды қалдырдық және 30 адамға ғана қызмет көрсете аламыз. Яғни, белгіленген шектен тыс адамға бос орын да қарастырылмаған. Мұндай жағдайда келушілерге сыртта күте тұруды сұраймыз. Бір үстелде 3 адамның отыруына рұқсат, одан көп адамға отбасы мүшелері болса ғана жол беріледі. Көп жағдайда картамен есептесуге кеңес береміз, қолма-қол ақшаға клиент қолғаппен отырса ғана рұқсат беріледі», - деді әкімші.

Еске сала кетсек, 18 мамырдан бастап қонақ үйлерге, 30 адамға дейінгі тамақтану орындарына, таза ауада қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану нысандарына жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Сонымен бірге бүгін жалпы ғимарат көлемінің 30 пайызын ғана толтыратын, діни құлшылық жасау нысандары жұмысқа кіріседі.

https://kaz.inform.kz/news/18-mamyrdan-bastap-birkatar-nysandarga-zhumys-isteuge-ruksat-beriledi_a3649414


Соңғы жаңалықтар