Бір түнде Алматы полициясына 105 жеткіншек жеткізілді
Қалада оқушылардың күзгі демалысы кезінде «Демалыс» профилактикалық шарасы өтіп жатыр.
«Кеше жасөспірімдердің көп жүретін орындарында рейд жүргіздік. Тексеру барысында Хэллоуин түнінде ата-анасының қарауынсыз жүрген оқушылар іздестірілді. Рейд барысында көптеген ата-аналардың баласын қадағаламайтынына көз жеткіздік», - деді жергілікті полиция қызметінің жасөспірімдер полициясы басқармасының өкілі Лейла Әліпбаева.
Хэллоуин түнінде тәртіп сақшылары 105 баланы бөлімшеге апарды.
Олардың 77-сі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Балаларды бейімдеу орталығына 8 бала жеткізілді.
«Түнгі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған балалардың көңіл көтеру орындарында ата-анасының немесе заңды өкілінсіз жүргені үшін 96 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 9 компьютер клубының иесіне қатысты іс әкімшілік сотқа бағытталды. Рейд барысында 2 жерде жасөспірімдерге алкогольді ішімдік пен темекі сатылғаны белгілі болды. Құқықбұзушылық жасаған 5 бала есепке алынды», - деді Лейла Әліпбаева.