«Бір терезенің» құны - 3,5 млн. доллар болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде экспорттаушылар мен импорттаушылардың кедендік рәсімдерін барынша жеңілдету үшін «бір терезе» тетігін, яғни барлық рұқсат құжаттарын бір жерден алу мүмкіндігін жасау жұмыстары атқарылып жатыр. Ол үшін ондаған министрліктер мен ведостволар беретін құжаттар электронды жүйеге ауыстырылады. Ал тауарлар экспорты мен импортымен айналысатын кәсіпкерлер ғаламтордағы жеке кабинеті арқылы кез келген рұқсат қағазын ала алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда елімізде экспорт пен импорт бойынша 12 мемлекеттік органда рұқсат пен лицензия құжаттары беріледі. Аталған құжаттардың жалпы саны - 22. Осының барлығы автоматтандырылып «бір терезе» қағидаты негізінде беріледі. Былайша айтқанда, кәсіпкер үйден шықпай-ақ, ғаламтор арқылы жеке кабинетіне кіріп, кез келген рұқсат қағазын ала алады. Сөйтіп, уақытты барынша үнемдейді», - дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік рәсімдер сарапшысы Олжас Тұрлыбеков.

Ал осы іспен айналысып жатқан ақпараттық теxнологиялар басқармасы басшысының орынбасары Евгений Брусенконың айтуынша, экспорттаушылар мен импорттаушыларға арналған «бір терезе» жобасының жалпы құны 3,5 млн. долларды құрап отыр. «Бұл - біздің әріптесіміз Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда мен даму конференциясының есебі. Ол ақшаның барлығы бюджетке енгізілген», - дейді Е.Брусенко.

Мамандардың сөзіне қарағанда, экпорт пен импорт бойынша «бір терезе» қызметін келесі жылы шілденің 1-нен бастап іске қосу жоспарланып отыр. Артынан аталған ақпараттық жүйені бірте-бірте жетілдіру көзделген.

Соңғы жаңалықтар