Бір өзі 110 мың адамға қызмет көрсетіп отырған емханалар бар – Астана әкімі

None
АCТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек емханаларды жекешелендіру мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің кәсіпкерлерімен кездесуінде, медицина сапасын арттыру үшін емханалардың кейбірін жекешелендіру туралы ұсыныс айтылды.

«Бұл мәселені біржақты қарауға болмайды. Өйткені жеке меншік емханаға барғысы келмейтін санат та бар. Менің қолымда осы сипаттағы, жеке емханалар қызметтердің толық жиынтығын көрсетпейтіні туралы өтініштер көп. Кеше ғана емхана салғысы келетін инвесторлар компьютерлік томаграфия, магниттік-резонансты томаграфия сияқты күрделі қондырғыларсыз салуға тырысып жатқаны туралы естідік.

Мемлекеттік емханалардың бәрі де халық қалағандай сапалы қызмет көрсете бермейді. Олардың деңгейін сапалы жеке меншік емханалармен теңестіру қажеттігі бар. Сондықтан әр емхананың мәселесін жеке қараймыз. Жаңа емханалар салу мәселесі бойынша бүкіл инвесторлармен кездесеміз. Сол кезде ортақ шешім табамыз деп ойлаймын», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, келешекте қаланың қай бөліктерінде мемлекеттік емханалар салынатынын айтты.

«Алдыңғы күні ғана біз қалада жеке меншік емхана салғысы келетін ірі инвесторлармен кездескен болатынбыз. Келесі аптада тағы кездесіп, құрылыс түсіп жатқан жаңа аудандарды қарастыру туралы келістік. Емханаға деген сұраныс бар. Бізде бір өзі 110 мың адамға қызмет көрсетіп отырған емханалар бар. Қалыпты жағдайда қалыпты емханалар 60-70 мың адамға қызмет көрсетуі керек. Біз емхана салу мәселесін әділетті ойластыруға барынша тырысамыз.

Мемлекеттік емханаларды тек жеке сектор, бизнес барғысы келмейтін аудандарда ғана саламыз. Мысалы, Өндіріс, Теміржол, Кірпішті сияқты аудандарда мемлекеттік емханалар салынады», - деді қала әкімі.


Соңғы жаңалықтар