Бір министрліктен екіншісіне сілтейді: Сенатор туризмдегі мәселені көтерді

None
Фото:site/universitetzgu
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Амангелді Толамисов Жетісу облысында туризм саласын дамытудағы өзекті мәселелерді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, Балқаш көлінің жағасында туристік-рекреациялық демалыс аймағының салынуы Жетісу облысының қарқынды дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар 2022 жылғы 20 қазанда Президент өңірге сапары барысында жұртшылықпен кездескенде туризм саласын дамытуға ерекше мән беру қажеттігін айтты.

«Осы орайда Балқаш көлінің жағасында туризмді дамыту мақсатында өңірдің тиісті инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету талап етіледі. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрады», - деді А. Толамисов Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында.

Алайда, бюджеттік бағдарламалардың орталық деңгейдегі әкімшісі әлі анықталған жоқ. Себебі мемлекеттік органдар бір министрліктен екіншісіне сілтеу арқылы орындау жауапкершілігін өз мойнына алғысы келмейді.

«Сондықтан осы мәселені тиімді шешу жолдарын қарастырып, бюджеттік бағдарламаның әкімшісін анықтап, жобаны іске асыруды қолдауыңызды сұраймын», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар