Бір литр бензинмен 200 шақырым: Алматылық студенттер бірегей автомобиль құрастырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - SatbayevUniversity инженерлері 1 литр бензинмен 200 шақырымнан астам жол жүретін бірегей жарыс машинасын құрастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті қабырғасында SURacingTeam студенттер командасының iSUPrototype 1.0. автомобилінің таныстырылымы өтті. Аталған прототиптің бірегейлігі сол, көлік экологиялық таза отын түрі - этанолмен жүреді. Бұл отын қант құрағын, жүгеріні немесе қызылшаны өңдеу арқылы алынады. Ал болидтің бірегей қозғалтқышы 1 литр бензинмен 200 шақырымнан астам қашықтықты еңсеруге мүмкіндік береді», - деп жазды  SatbayevUniversity.
null 

Болидті (жарыс машинасы) SatbayevUniversity ерікті студенттері 3 айда құрастырған. Машинаның моторы Hondaaf55e қозғалтқышы негізінде жасалған. Алайда, әрбір бөлшегін өзгертіп, болидке қажет сипаттамаларға бейімдеуге тура келген.  Қаңқасы арнайы дюралюминий құбырлардан, ал корпусы - шыны пластиктен жасалған. Жүргізуші орны алдындағы шыны поликарбонаттан жабылған.

Аталған прототип қолданыстағы отын түрлерін дамыту, жаңа түрлерін табу мақсатындағы жыл сайынғы марафонға қатысу үшін құрастырылған. Онда 1 литр жанармаймен ұзағырақ қашықтыққа жүретін автомобиль жеңіске жетеді. Марафон 1939 жылдан бері Детройт, Лондон, Сингапур, Рио-де-Жанейро қалаларында өткізіліп келеді. Биыл бірінші  турнир Сингапурде 8-11 наурыз күндері өтпек.

«Біздің міндетіміз - Қазақстандағы автомобиль құрастыру ісін дамыту. Сондай-ақ, елімізде отынның экологиялық таза түрлеріне көбірек көңіл бөлінгенін қалаймыз. Біздің болид ғана емес, жазда өткен EXPO-2017 көрмесі де болашақта таза отын түрлеріне басымдық берілетінін көрсетті», - дейді SU Racing Team командасының капитаны  Әлібек Саматұлы.

null 

Соңғы жаңалықтар