Бір күртеше бағасы - 1 млн 670 мың теңге: Қызылорда облыстық білім басқармасы түсініктеме берді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыстық білім басқармасы мемлекеттік сатып алудағы келеңсіздікке байланысты оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желілер мен интернет порталдарда мемлекеттік сатып алуға байланысты өте қымбатқа бағаланған күртеше мен сүтке байланысты ақпарат кеңінен тараған болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алуда бір литр сүтті 14,5 млн теңгеге бағаланған

келеңсіздікті анықтаған еді.

Облыстық білім басқармасы аталған мәселеге қатысты тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізді.

«Нәтижесінде жоспарланған жұмыстар бойынша Шиелі аудандық білім бөлімі 14 млн 577 мың теңгені сүттің 1 литріне емес 1 лотқа көрсеткен. Яғни, аталған қаржы 1 жылдық сомасына қарастырылған. Негізінде «табиғи сүт» лотының бір литрі қосымша құн салығымен 223,21, қосымша құн салығынсыз 199,29 теңге болып белгіленуі жоспарланған.

Ал, Қармақшы ауданы білім бөлімінің №275 орта мектебі мемлекеттік сатып алу порталында жылдық жоспарды орналастыру кезінде техникалық қателік жіберген. Яғни, 1 күртешенің бағасы 16 701,43 теңгеден болу қажет еді. Алайда ол үтірсіз 1 млн 670 мың 14 теңге көрсетілгені анықталды. Барлық деректер бойынша тиісті шаралар қабылданып, бөлінген қаржыға сәйкестендірілді. Бұл жерде негізсіз бағаны көтеру дерегі орын алмаған», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Ведомство мәліметінше, бұл тек жоспарланған жұмыстар болған. Барлық лоттар бойынша ешқандай да мемлекеттік сатып алулар жүргізілмеген. Аталған лоттар бойынша көрсетілген қаржы бөлінбеген.



Соңғы жаңалықтар