Бір күнде 500-ге жуық әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталды - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Бұзушы» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні 463 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жылдың алғашқы аптасынан полицейлер отбасы-тұрмыстық қылмыстар мен құқық бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында жұмысты күшейтті.

Учаскелік инспекторлар бұрын сотталғандардың, тұрмысы нашар отбасылардың тұрғылықты мекенжайларына барады.

Ал, патрульдік полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтасыз ету бойынша рейдтік іс-шараларды көбейтті.

14 қаңтар басталған «Бұзушы» жедел-профилактикалық іс-шарасына учаскелік инспекторлар, ювеналдық және патрульдік полицейлер – жалпы жергілікті полиция қызметінің барлық бөліністерінің 600-ден астам қызметкері жұмылдырылды.

Инспекторлар аулаларды аралап, проблемалы мекенжайларға барады.

Учаскелік инспекторлардың міндеті – зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оның ауыр салдарының алдын алу.

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, «Бұзушы» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінде облыс аумағында 463 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Учаскелік инспекторлар түрлі профилактикалық есепте тұрған 297 тұлғаны тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді.

Ұсақ бұзақылықтың - 51, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үй-жайдан тыс ересектерсіз жүруінің - 39 фактісі анықталды. 45 адам профилактикалық есепке қойылды.

Операцияның тағы бір бағыты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нәтижесінде 5 мас жүргізуші ұсталды.

Жылдамдықты асырғаны үшін – 4, сондай-ақ, көлік басқару құқығынан айырыла тұра темір тұлпар тізгіндеген 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 56 жүргізушіге, рөлде келе жатып телефон қолданған 36 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

Жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 12 жүргізушіге ескерту берілді. Жаяу жүргіншілерге 59 хаттама толтырылды.

«Бұзушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 16 қаңтарға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар