Бір күнде 100- ден астам қоңырау қабылдаймыз – полиция капитаны

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Театр – киімілгіштен, ал полиция жұмысы – кезекші бөлімнен басталады. Дәл осы жерге көмекке мұқтаж азаматтар жүгінеді. «102» жедел нөмірі қылмыс пен оқиғалар туралы барлық қоңырауларды қабылдайды. Әрбір қоңырау сайын адамның тағдыры шешіледі. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Райымбек Тойбергенұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Райымбек Тойбергенұлының құқық қорғау саласынада қызмет етіп жатқанына 8 жыл.

« Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашында көлік жүргізуші болдым, кейін учаскелік полиция қызметкері атандым. Екі жыл болды Медеу аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінде қызмет етіп келемін»,- дейді ол.

Оның айтуынша, кезекші бөлімшенің жеке құрамына жүктелген міндет, жауапкершілікті талап етеді. «Театр – киімілгіштен, ал полиция жұмысы – кезекші бөлімнен басталады. Менің жұмысым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз әрбір хабарламаға дереу жауап беріп және алынған ақпаратты тексеру үшін тиісті шараларды қабылдаймыз. Ауыр қылмыс жайында хабарлама келіп түссе, жедел- тергеу тобы оқиға орнына шығады. «Буран» патрульдік экипажы болса, көшелер мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың жолын кесуге жіберіледі. Әрбір қоңырау сайын адамның тағдыры шешіледі»,- дейді полиция капитаны.

Спикердің сөзінше, күніне 100- ден астам қоңырау қабылдайды.

«Бізге түрлі қоңыраулар түсіп жатады. Кісі өлтіруден бастап ұсақ қылмыстарға дейін. Біз күніне шамамен 100- ден астам қоңырау қабылдаймыз. Негізінен «102» нөміріне тұрғындар демалыс күндері мен түнде хабарласады. Бір жағдай есімде: саунада адамды пышақтап кетті деген ақпарат алдық. Әріптестеріміз тез арада оқиға орнына барып, күдіктіні ізін суытай ұстады. Мұндай жағдайлар өте көп. Жас офицер полиция формасын киюді бала күнінен армандаған екен. « Бұл менің бала күнгі арманым болатын. Маған кішкентайымнан полиция формасы қатты ұнайтын. Мен үшін әкем ерлік пен намыстың айқын үлгісі болды. Айтпақшы, інім де, әпкем де әке жолын қуды»,- дейді ол.

Сонымен қатар, ол полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор екенін тілге тиек етті.

«Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің бірі. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды»,- деп қортындылады әңгімесін Райымбек Тойбергенұлы.


Соңғы жаңалықтар