Бір көзден мемлекеттік сатып алуға қатысты өзгерістер болады
2022 жылғы 21 маусым 15:55

Бір көзден мемлекеттік сатып алуға қатысты өзгерістер болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Құжатқа Президенттің 2022 жылғы 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында және биылғы 21 қаңтардағы ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесудің қорытындысы бойынша берген заңнамалық тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жоспар-кестеде көзделген түзетулердің 5 блогы енгізілді. Сонымен қатар Үкімет басшылығының тапсырмалары бойынша енгізілген түзетулердің қосымша блоктары қамтылды», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға енгізілетін түзетулер тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу негіздерін қысқартуды көздейді. Осы орайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында:

- мемлекеттік материалдық резервке тауарларды;

- жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру үшін уәкілетті органдардың қызметтік үй-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарды, ақпараттық жүйелерді, мүлік пен оларға қызмет көрсету жөніндегі қызметтерді;

- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес актімен айқындалған тұрғын емес мақсаттағы үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды, үй-жайларды сатып алу тұрғысында бір көзден сатып алу құқығын алып тастау қажет.

Сонымен қатар вице-министр «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» Заңда «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу міндеттілігі заңнамалық тұрғыдан бекітілетінін айтты.

«Қордың бәсекеге қабілетсіз сатып алуын қысқарту үшін холдинг ішндегі кооперация аясында сатып алу тәсілі алынып тасталады», - деді А. Әбдікәрімов.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT