Бір қолынан айырылған қостанайлықтың 70-ке жуық күйі бар

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қолынан айырылса да, домбырасын тастамаған дәулескер күйші тұрады. Ол - ҚР Еңбек еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айтбай Мұздаханов. Саусақ орнына сым байлаған күйші өнерден қалай қол үзбегені туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен әңгіме барысында айтып берді.

Тобыл-Торғай топырағында күйшілік өнердің мектебі қалыптаспағанымен, күй шығарып, оны бүгінге дейін жеткізген ірі-ірі өкілдері болды. Баубек бақсының, Нұрхан Ахметбеков, Амантайдың Жүсібі қалдырып кеткен күйлер қымбат қазынаға айналды. Көпке мәлім, Ахмет Байтұрсыновтың «Арман» атты күйі бар. Ал әйгілі жазушы Төлен Әбдіков - 4-5 күйдің авторы. Қаймағы бұзылмай жеткен домбыра күйлерін жас ұрпаққа жалғап келе жатқан Айтбай Мұздаханов та 70-ке жуық күй, 40 шақты ән жазған.

nullАйтбай Мұздаханов 1941 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданының Кемер ауылында дүниеге келген. Атасы Молдаш та, өз әкесі Мұздахан да домбырашы болған кісілер.

null«Күйшілік өнер қанмен дарып, сүйегіме сіңді. Атам Молдаш өнерден құралақан емес еді. Ауылдағы той-томалақтарда күй тарту үшін арнайы шақыртып отырған. Таңнан кешке дейін домбырасын тастамайтын көрінеді. Соған қарағанда, ол кісі күйлер шығарған болуы тиіс. Нақты дерек сақталмаған. Әкем де одан ерте қалды. Өзі етікші болғанымен, белгілі бір уақытын домбыраға арнаған. Алғаш рет 7 жасымда домбыра ұстатты. Кейде, ұрып тұрып оқытатын. Әуелгі үйренгенім Ахмет Жұбановтың «Қарлығашы» болды. Сөйтіп, атамның бізге қалдырып кеткен байлығы - домбыраны үнемі жанымнан тастаған емеспін», - дейді Айтбай Мұздаханұлы.

null1977 жылы бірінші Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестиваліне одақтық республикалардан жеңімпаздар іріктеліп жатты. 36 жастағы Айтбай Мұздаханов та өзі шығарған күйлерін орындап, облыстағы байқаудың бас жүлдесін алды. Республикалық іріктеу Қызылордада өтіп, одан да озық шықты. Ендігі сын - күллі кеңестік елдердің көркемөнерпаздар фестивалі. Әттең, жерлесіміз сол уақытта оң қолынан шынтаққа дейін айырылды.

«Келесі күні одақ жарысына аттанатын болғанбыз. Үйдің жұмыстарын бітіріп кетейін деп жүргенмін. Малға азық дайындайтын цехтағы агрегатты тазалап жатқанда машина қолды орап әкетті. Көзім қарауытып, отыра кеттім, - деп еске алады күйші. -  Бұл менің бірінші қиналғаным емес еді. 13 жасымда сол қолымның үш саусағы бүгіліп, икемге келмей қалды. Қазақы үйде өстік. Қыстыгүні қырауда тоңбау үшін бәрімізді оттың айналасына жан-жағымызды қымтап, отырғызып қоятын. Сондай кезде сол қолымның екі саусағын байқамай отқа басып, күйдіріп алдым. Дәрігерге қаралатын шама қайда, солай кем болып бітті Артынша әкемнен айырылып, соққы үстіне соққы тиді. Содан аурухана төсегіне таңылдым».

nullАйтбай Мұздаханов 1986 жылы домбыраны қайтадан қолына алды. Ол кезде ауылда гараж меңгерушісі қызметін атқаратын.

«Совхоз директоры Әбдісалық Нұржанов шақырып жатыр дегесін, кеңсеге келдім. Біраз әңгімеден соң ол маған өнерге қайта келуімді сұрады. «Сенің күйлеріңде өзгелерге ұқсамайтын басқаша әуен, сарын бар. Қайтсең де қолыңа домбыра ал. Шолақ қолға сым байлайсың ба, ағаш байлайсың ба, өзің шеш» дегені әлі есімде. Басында әзілдеп айтқан шығар деп жүрдім. Не керек, директордың әлгі сөзі құлағымнан кетпеді. Күндер өте берді. Саусақ орнына сым байлаған мына Айтбай қайтадан домбырасын қолына алды. Бір жыл өтер-өтпес уақытта «Елім-ай» күйі өмірге келді. Бұл «сексен алтының» зары еді. Жыл бойы іште тынып жүріп барып, сыртқа шықты. Күніне екі күй шығаратын кездер болды. Түнде ұйқы жоқ. Ойға небір ғажап сарын келіп жатады. Тұра салып, магнитофонға жазып аламын. Қолдан айырылғаннан кейін күй тарту оңай болмайтын сияқты көрінген. Адам басына қиындық келсе, көп нәрсені өндіреді. Соны түсіндім», - дейді күйші.

Айтбай Мұздаханов Торғай облыстық драма театрының директоры болған Төкен Елтебаевтан дәріс алып, домбыра тартуға машықтанды. Күйдің орындалу мәнеріне, қағыс түріне назар аударуды, саз әуені мен екпін ырғағын бөлуді үйреткен де Елтебаев. Сол тұста «Ана туралы толғау», «Невада-Семей», «Ер есімі - ел есінде», «Бүркітті байрақ», «Домбыра сазы» сынды көптеген күйлер туды.

1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында А.Мұздаханов атақты Нұрғиса Тілендиевпен танысады. Сол сапарында ол Мұздахановтың күйлерін тыңдап, баға берді.

       «Айтбай күй төккенде тыңдаушыға не жылау керек, не рахаттанып қуану керек, бей-жай қала алмайды екенсің. «Көкейкесті» деген бірнеше циклды күйің бар. Қабаттастырып қайтесің. Мына күйде зар тұнып тұр, оны «Айтбайдың сарыны» деп тарт», - деген екен Н.Тілендиев.

Сондай-ақ, ақын Табыл Құлияс 1962 жылы шыққан күйіне «Амангелді дүбірі» атауын берген. Торғай жұртшылығына жақсы таныс күйлердің бірі - «Қараша қыз». Қанаты сынған қазды көрген автор оның тағдырын домбырамен жеткізеді. Кешегі жоңғар шапқыншылығында Қаратауды мекендеп, көп адам аман қалғаны тарихтан аян. Айтбайдың «Бозтайлағы» - жетім қалған балалардың зарын жеткізген күй.  

«Домбыра сөйлеп тұруы тиіс. Ол қазақтың тарихын асыра жеткізді. Оны бұрындары ешкім бағаламады. Жас ұрпақ бұл олқылықтың орнын толтыруға міндетті. Қаншама күйшілердің зары қалды, сақтап қалатын мүмкіндіктер болмады. Ұлттық домбыра күні бекітілді. Мұны естігенде қатты қуандым. Қазақ өнерінің тамырын тоқтатпайтын домбыра ешқашан өлмейді. Жас өскінге осыны ұғындыру керек», - дейді ол.

Кейінгі жылдары Айтбай Мұздаханов «Бабалар үні» атты күйлер жинағын шығарды. Бір ерекшелігі, ол кісінің музыкалық білімі жоқ. Негізгі мамандығы - электр-механик. Шығармаларды сольфеджио тақтасына қызы, белгілі күйші Анар Мұздаханова түсіреді.

Күйші жасы сексенге таяп қалса да, қоғамдық өмірден ажырамаған. Жас буын өкілдерімен ұлттық өнер жайлы әңгімелесуден жалыққан емес. Аудандық, облыстық байқауларға барып, қазылық етіп тұрады. Мәселен, 2017 жылы Мұздахановтар отбасы Қостанай облыстық «Мерейлі отбасы»  сайысының  жеңімпазы атанды.

  

Соңғы жаңалықтар