Бір келі есірткіні сөмкесінде алып жүрген қостанайлық қолға түсті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері "Допинг" операциясы барысында бір келіден астам марихуана тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Полицейлер осы аптада "Допинг" жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Шара барысында бір келіден астам есірткі заттарын тәркіледі. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына байланысты 5 қылмысты анықтады", - делінген полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Тәртіп сақшылары Қостанай қаласындағы "Емшан" сауда үйінің жанында 37 жастағы ер адам ұстады, оның сөмкесінен салмағы 1 келі 165 грамм болатын кептірілген марихуана табылды.

Полиция подполковнигі Қайрат Тащановтың айтуынша, күдікті бұрын есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар үшін тартылған. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Жалпы, жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы 121 құқық бұзушылықты тіркеді. Заңсыз айналымнан 3 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар