Бір-бірін қайталайды: «СҚ-Фармация» басшысы мемлекеттік бағдарламаларды KPI арқылы реттеуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды KPI өлшемдерге бағынышты етуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

BUSINESS TECHNOLOGY EXPO 2023 халықаралық көрмесінің аясында өтіп жатқан бизнес-форумда бір-бірін қайталайтын мемлекеттік бағдарламалар бар екені айтылды.

«Бизнесті мемлекет тарапынан қолдаудың схемалары шашыраңқы қалыпқа енген. Қолдау тетіктерінің KPI көрсеткіштері (тиімділік көрсеткіштері – ред.) болу керек. «Сауданы осынша пайызға, экспортты мұнша пайызға көтеруіміз керек» дейтіндей өлшемдері болуы тиіс. Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың бәрі осы көрсеткіштерге бағынышты болуы керек. Қазір даму институттарының арасында бәсеке бар. Соның салдарынан кейбір бағдарламалар бір-бірін қайталап отыр. Одан кейінгі формалды жұмыс шетке ығыстырылуы керек», - деді Ерхат Есқалиев.

Оның пайымынша, бизнестегі өзегі тереңде жатқан проблеманың бірі – маман тапшылығы.

«Қазақстан үшін кадр мәселесі өзекті болып тұр. Резерв ретінде құрылған жүйелердің өзі бірден жолға қойылып кетіп жатқан жоқ. Осы жылдар ішінде көп дүние істеген сияқтымыз. Бірақ проблема жеткілікті. Мамандар, жас мамандар керек. «Болашақ» сияқты жүйе қалыптастыратын уақыт келген шығар. Халықаралық компанияларда, ұлттық компанияларда тағлымдамадан өткізу мәселесін жолға қою қажет еді. Бұл жаңашылдық емес, тәжірибеде бар. Сингапурда «таланттарды басқару» моделі жұмыс істейді. Біздегі отандық компаниялардың көбі өзіне қажетті мамандарды осындай жолмен іздейтінін білем. Мысалы Air Astana болашақ ұшқыштарын мектеп жасындағы балалардың арасынан іріктеп жүр. Кадр мәселесін қазір классикалық жолмен ғана шешу мүмкін емес», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар