«Бір белдеу, бір жол» біріккен бағдарламасы аясында Еуропаға жүк тасымалы арта түсті - Далянь əкімдігі

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстандық журналистер Қытайға сапары барысында бүгін ірі теңіз порты - Далянь қаласы басшылығымен кездесті. Жүздесу барысында қала басшылығының өкілдері «Бір белдеу, бір жол» біріккен бағдарламасы аясында Еуропаға жүк тасымалы арта түскендігін жеткізді.

Қала əкімінің орынбасары Лу Линьнің айтуынша, аталған кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артуына тың серпін бермек.

«Далянь əкімдігі Қазақстанмен əріптестікті арттыруға мүдделі. Осыдан екі жыл бұрын біздің басшымыз Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» бастамасын көтерген болатын. Аталған бағытта біздің бірге атқарар жұмысымыз көп»,- деді Лу Линь.

Əкімдіктің халықаралық қатынастар бөлімінің директоры Хан Ксянгтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында қалыптасқан ынтымақтастықтың тамыры тереңде жатыр.

«Биыл шілде айында вице-мэр Алматыда болды. Қала əкімінің орынбасарлары екі жақты əріптестікті дамыту хақында көп келіссөздер жүргізді. «Гуаньшын» кəсіпорны Алматы метросының құрылысына қатысты»,- деді Хан Ксянг.

Айта кету керек, Далянь порты Қазақстанға жалпы құны 5 млн. АҚШ доллары болатын жеңіл өнеркəсіп өнімдерін, электрондық құралдар, автобөлшектер тасымалдайды. Ал Қазақстаннан ауылшаруашылық өнімдері импортталады.

Салыстыра кетсек, былтыр Далянь портының Корея, Жапония елдерімен арасындағы тауар айналымы 5 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Қала əкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» біріккен бағдарламасы аясында Еуропаға жүк тасымалы арта түсті.

Қытайдың солтүстік- шығысындағы ірі порт жылына 40 млн. тонна жүк тасымалдайды. 2008 жылы қаланың ЖІӨ 385,8 млрд. юань болған.

Ресми дерек көздерінің хабарлауынша, 2014 жылы Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сыртқы сауда көлемі 17,1 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл Қазақстанның жалпы сыртқы сауда көлемінің 17%-ын құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар