Бір баланың күтіміне айына 20 мың теңгені жеткізуге болады - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап Парламент Мәжілісі депутаты қызметіне кіріскен Нұржан Әлтаев елдегі әлеуметтік жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжіліске екі рет сайлауға түстім. Бірінші жолы 2004 жылы ел бойынша ең жас кандидат болдым. Өкінішке қарай, ол кезде өте алмадым. Екінші рет 2016 жылы сайлауға қатысып, сол мерзімде «Нұр Отан» партиясы атынан депутаттыққа кандидаттар тізіміне қосылдым. Яғни, 2016 жылдан бері мені кез келген уақытта Мәжіліс депутаты қатарына шақыруы мүмкіндігі болды, себебі резервтік тізімде тұрған едім», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол депутаттардың қатарында қызмет ету үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Мен үшін бұл өте жауапты жұмыс. Бүгін маған жүктелген міндеттерді барынша ақтауға тырысатынымды, өзімнің қызметімді орындайтынымды айтып, Қазақстан халқына ант бердім», -деді Н. Әлтаев.

Ол бұған дейін Еңбек вице-министрі лауазымында өзінің алдына қойылған міндеттерді орындағанын сөз етті.

«Вице-министр лауазымына кіріскен кезде менің алдыма қойылған барлық міндеттер орындалды. Бұл тұрғыда жұмыспен қамту, көші-қон саласына жауапты болдым», - деді ол.

Тілшілер Н. Әлтаевтан айына әр балаға бөлінетін 20 мың теңге жәрдемақы қаншалықты жеткілікті болатынын сұрады.

«Зайыбым күнделікті үй шаруасымен айналысады, балаларға қарайды. Мен өз кезегімде отбасылық табысқа жауаптымын. Жалға алған екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Менің ойымша, егер де үнемдесе, онда аталған сома жеткілікті», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Нұржан Әлтаев Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

Нұржан Бауыржанұлы осыған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарды.

Соңғы жаңалықтар