Бір баланы арқама байлап алып, екіншісін көтеріп шықтым: Қазақстандық «бэтменнің» ерлігі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өткен жылдың 28 шілдесінде болған алапат өрт Алматыдағы Көкжиек шағын ауданы тұрғындарының әлі есінде. Тілсіз жау әп-сәтте қаннен қаперсіз отырған бірнеше пәтерді жалмап алған болатын. Сол кезде қалың көпшілік, тұрғындар қою түтін көмкерген үйге беттей алмай, екі баланың ажалына шарасыз мойынсұнып тұрған еді. Осы сәтте үйдің қасынан өтіп бара жатқан 61993 десант шабуылдаушы бригадасының кіші сержанты Ғалымжан Әлеуханов шырылдаған ананың даусын естіп, ойланбастан отқа оранған үйге қойып кеткен.

Бүгінде Елбасының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған әскери қызметші сол сәтті былай есіне алды.

«Мен сол күні таңғы 10:30 шамасында түнгі кезекшілігімнен қайтып бара жатқанмын. Жолда өртті көріп, көлігімнен түсіп, өртенген үйге қарай беттедім. 10-нан астам өрт сөндіру машинасы, 10 шақты жол полициясы өкілі, барлығы 400 шақты адам болды. Бір ер адам мен әйел өрт сөндірушілердің аяғына жығыла «балаларымды құтқар» деп жалынып тұр екен. Маған осы сәт намысыма тиді. Сонша адам тұрып, екі баланы құтқара алмаймыз ба деген ой келді. Үстімдегі күртешемді бетіме орап алып өрт сөндіру баспалдағымен шатырға дейін шықтым. Шатырды аяқпен теуіп бұздым да өрт сөндіру қалқанын аштым. Қара түтін лап қойды, подъезд көрінбейді. Шоқ болып жанып жатыр. Үшінші қабатқа түстім. Есіктері бәрі ашық жатыр. 3 және 4-інші қабатта адам жоқ екен. Өзім де өкпем қысылып бара жатқан соң арасында шатырға жүгіріп шығып демалып келемін. 5-қабатта бір пәтердің есігі жабық екен. Темірмен есікті бұзуға біраз уақыт кетті. Ашқан сәтте үйдің 85 пайызы жанып кеткенін көрдім. Қайта артқа шегініп бара жатқанда аяғыма бір нәрсе тиді. Қарасам баланың басы екен. Екі бала ыстан қашып аяқ киім шешетін жерде есінен танып құлаған. Жалма-жан ваннаға кіріп ұзын сүлгі алып шықтым. 5 жастағы Бақдәулетті сүлгімен арқама таңып алдым. 10 жастағы баланы көтеріп алып шықтым. Тездетіп баспалдақпен шатырға шықтым», - деді Ғалымжан.
null

Оның айтуынша, сыртта жүрген ата-анасы балаларын алып түсіп келе жатқанын көргенде естерінен танып қалған.

«Оларға медиктер көмек көрсетіп жатты. Бір баланы әкесінің қолына беріп, екіншісін медициналық қызметкерлерге тапсырдым да бетімдегі кеудешемді шешіп, үйіме кеттім», - деді ол.

Осы оқиғадан соң баланың ата-анасы жұмбақ күйінде кетіп қалған батыр жігітті таба алмай қалған.

Оқыс оқиғадан соң елеске айналған «Бэтмен» Ғалымжан 2-3 күндей үйінде ауырып жатып қалған. Ыстық температурадан көз қысымы көтеріліп, тамыры жарылып кеткен. Бірнеше күн өткен соң ефрейтор Ғалымжан денсаулығы жақсарып, жұмысқа шыққан.

«Бірнеше күн өткен соң жұмысыма бара жатқанда, көшеде соңымнан жол полициясы түсті. Мен тағы не бүлдірдім деп, олардан қаша жөнелдім. Тез арада көлігімді қойып, жұмысқа кіріп кеттім. Сол сәтте командирім звондады. «Астына түс, полиция келіп тұр» деп. Одан әрі қобалжыдым», - деді Ғалымжан.

Көз ілеспес жылдамдықпен балаларды құтқарып, зым-зия жоғалып кеткен Ғалымжанның ерлігін видеоға түсіріп алған тұрғындар оның көлігінің нөмірін полицияға берген екен.

«Бақылау пунктіне келсем, полиция өкілдері, журналистер келіп тұр. Сол кезде екі бала тірі қалғанын білдім. Кейіннен ата-аналарымен кездестім. Көз жасына ие бола алмай алғыстарын білдіріп жатты», - деді ол.

Осы оқиғадан соң бейбіт күннің батыры атанған Ғалымжанның даңқы дүйім елге жайылды. ОҚО, Кентау қаласының тумасы Ғалымжан Әлеуханов отбасында үш ағайынды. Оның атасы Соғыс ардагері, әскери салада қызмет еткен.

Ғалымжан қазір келісімшартпен десанттық шабуылдау-әскерлеріне қарасты Алматыдағы № 61993 әскери бөлімінде барлау-шабуылдау батальонының бөлімше командирі болып қызмет етіп жатыр. Әскери борышын өтеп жатқанына осымен 6 жылдан асты.

«Қазіргі шенім кіші сержант. Алдағы уақытта та елге қызмет етемін. Ешқандай ерлік жасағаным жоқ. Ананың шырылдаған көз жасы жүрегімді қатты тебірентті. Әскери өмірдегі үнемі шынығу мен физикалық дайындықтың шымырлығы балаларды аман-есен алып шығуыма себеп болған шығар. Күнде жаттығамыз, жүгіреміз, парашютпен секіреміз», - деді ол.

Осындай көзсіз ерлігі үшін Мемлекет басшысы «100 жаңа есім» жеңімпазы атанған жалғыз әскери қызметші Ғалымжанға «Ерлігі үшін» медалін тапсырды.

«Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі - барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деді Елбасы.

Ғалымжан Әлеуханов биыл шаңырақ құрған. Бақытты отбасы биыл кішкентай нәресте күтіп отыр.

Ғалымжанның ерлігі көпшіліктің көзіне жас үйіргені сөзсіз. Оның әрекетіне еліміздің түкпір-түкпірінен аналар алғыс білдіріп жатты. Осының дәлелі ретінде «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануын айтуға болады.


Соңғы жаңалықтар