Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 360.12 EUR 409.67
RUB 5.33 CNY 52.34
Жаңалықтар

Бір айыпқа қос жаза немесе Қазақстан ауыр атлетика федерациясы IWF ережесіне неге наразы

2018 жылғы 14 маусым 13:05 2614
Бөлісіңіз:
Бір айыпқа қос жаза немесе Қазақстан ауыр атлетика федерациясы IWF ережесіне неге наразы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазір ауыр атлетика спортшыларының шекесі қызып тұрған жоқ. Бұған Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) бекіткен ережесі себеп болып отыр. IWF ережесіне сәйкес, спортшылары допинг дауына іліккен Қазақстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына бар-жоғы 2 спортшыны ғана (1 ер, 1 әйел спортшы) апара алады. Бұған көнгісі келмеген Қазақстан ауыр атлетика федерациясы (ҚААФ) Халықаралық Спорттық Арбитражға (CAS) шағым түсіріп отыр. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы IWF-тің бұл шешімін неліктен негізсіз деп есептейді? Осы сұрақ бойынша ҚазАқпарат тілшісі ҚААФ атқарушы директоры Димаш Сұлтановты сөзге тартты.

Ұқсас жаңалықтар
«Burabay Open-2018» ашық шахмат фестивалі басталды «Астана» велокомандасы «Вуэльта» жарысына қатысатын құрамын жариялады

- Димаш Рафхатұлы, IWF ережесін негізсіз ретінде дәлелдей аларлық ҚААФ-тың нақты қандай аргументтері бар? 

- Осы уақытқа дейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Халықаралық Спорттық Арбитражға аппеляцияға берді. Яғни, біздің шағымымыз жолданып қойды. Халықаралық заңгерлеріміз ол сұрақтарға байланысты жұмыс атқарып жатыр. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында ол ақпарат шықты. Бүгінгі таңда осы талап бойынша Халықаралық Спорттық Арбитражына аппеляцияға беріп отырған жалғыз мемлекетпіз.

Заңгерлермен кеңесіп отырмыз. Олардың көзқарасы мынадай: ешқандай адам баласы немесе ешқандай ұжым қылмыстық немесе азаматтық құқық бойынша бір кінәлілікке екі рет жазаланбауы керек. Яғни, 2008 және 2012 жылдары допинг тест алынған біздің спортшыларымыз бүгінгі күні белгілі бір уақытқа спорттан шеттетіліп, жазаланып қойған. Медальдарын қайта қайтарды. Міне, сондықтан біз де спортшыларымыздың екінші мәрте жазалануын негізсіз деп есептейміз. Адвокаттарымыздың пікірі осындай. Олармен толық келісеміз.

- Токио Олимпиадасына ұлттық құрамадан екі спортшыны ғана қатыстыру талабы Қазақстанға ғана қойылып отыр ма?

- Бұл ережелер - 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиаданың іріктеу жүйесі, яғни квалификациялық жүйесі бойынша қабылданған. Яғни, 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиададан бастап 2020 жылдың сәуір айына дейін 10-нан асқан, 19 немесе 30-ға дейінгі спортшыларынан допинг анықталған мемлекеттер жазаға ілігеді. Бүгінгі күні тек Қазақстан емес, көптеген елдер осы ережемен шеттетіліп отыр. Көршіміз Ресей де Қазақстанмен бірге осы жазаға ілінді.

- Ал ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының жылдық дисквалификациясы қашан, нақты қай күні аяқталады?

- Қазақстан ұлттық құрамасы ауыр атлетикадан бір жылдық шеттету жазасы әлі күшінде. Бізбен қатар, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қытай, Молдавия, Түркия, Украина бір жылдық дисквалификацияда. Шеттеудің салдарынан былтыр АҚШ-та өткен Әлем чемпионатына бара алмай қалдық. Дисквалификация осы жылдың қазан айының 20-да бітеді. Яғни, қазаннан бастап Ұлттық құраманың сапындағы спортшыларымыздың барлығы халықаралық сайыстарға қатыса алады.

- Қазақстан ауыр атлетика федерациясының жоғарыда аталған шешімге қатысты аппеляциясы қашан және қайда қаралады? Яғни, бұл сұрақ бойынша нақты шешім қашан белгілі болады?

- Біздің аппеляциямыз Швейцария елінің Лозанна қаласында қаралады. Қай уақытта қаралатыны белгісіз.

- Қазақстан ауыр атлетика федерациясының аппеляциясы бойынша қаншалықты оң шешім шығатыны күтіліп отыр?

- Заңгерлердің бағалауынша мүмкіндіктеріміз жоғары. Өйткені, қайталап айтайын: спортшылар бір кінәлілікке екі рет жазаланбайды. Екіншіден, қазір біздің өсіп келе жатқан жас спортшыларымыз 2008, 2012 немесе 2016 жылғы Олимпиадаларға қатыспаған. Ешқандай допингтерге қатысы жоқ азаматтарымыздың азаматтық құқығы неліктен тапталуы тиіс? Неге олар 2020 жылы Олимпиадаға бара алмайды? Мысалы, қазір бізде жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан спортшыларымыз жетерлік. Олар дайындық үстінде. Неліктен бүкіл командадан бір ер және бір әйел спортшыны ғана таңдауымыз керек? Жастар өз армандарына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы керек деп есептейміз.

- Жалпы, Қазақстанда ауыр атлетика спортымен кәсіби түрде айналысатын қанша спортшы бар?

- Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша біз спортшыларымызды санап көргенбіз. Сол статистика бойынша Қазақстанда бұрын қатысқан және бүгін осы спортта жүрген шамамен 18 мың адам бар болып шықты. Ал кәсіби түрде ауыр атлетикаға қатысып, халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып жүрген (ересектер мен жасөспірімдер) 6 мыңға жуық ауыр атлет бар.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Аппеляция Қазақстанның пайдасына шешілсін деп тілейміз.

- Сізге де рахмет.


Басты сөздер: Спорт,
Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
Мұрағат