Бір айда 21 операция өткізіліп, 1,3 млрд теңгенің есірткісі алынды - ҰҚК

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасын жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Есірткі және психотроптық заттардың таралуына қарсы іс-қимыл шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел-іздестіру шараларының кешенін іске асырып жатыр

Маусым айында ҰҚК есірткіге қарсы 21 операция жүргізді. Оның ішінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарымен бірлескен шаралар бар.

Есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 3 жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды.

Арнайы операция барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды.

Заңсыз айналымнан 120,6 кг есірткі, оның ішінде 61,8 кг синтетикалық есірткі (206 мың «бір реттік дозаға» баламалы), 6 кг марихуана, 52,7 кг гашиш тәркіленді.

Бұдан басқа, психотроптық заттарды дайындауға арналған 6000 экстази таблеткасы және 2 тоннадан астам химиялық реагенттер айналымнан шығарылды.

Маусым айында алынған есірткінің жалпы сомасы «қара нарықта» 1.3 млрд теңгеден астам бағаланады.

Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар