Бір ауылдың екі тұрғыны карантинде той жасаған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында карантин талабын бұзған кәсіпкерлер мен үйлену тойларын жасаған тұрғындар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 шілдеден бері карантиндік шектеу талабын бұзған 1596 дерек тіркелген.

«Атырау қаласы мен жеті ауданда өткізілген рейдтер кезінде азық-түлік дүкендері, дәмханалар, көлік жуу және жөндеу орталығы, тегершік жөндеу шеберханалары, қызметіне уақытша тыйым салынған, шектелген нысандар тексерілді. Моблильді топтар 900-ден астам заң бұзушылықты анықтады. Мәселен, 1-12 тамыз аралығында карантин режимін бұзған 359 факті тіркеліп отыр. Оның ішінде санитарлық талаптарды сақтамаған 21 дерек, сондай-ақ, шектеулерге қарамастан жұмыс істеген 43 дүкен мен 2 сауна, 2 көлік жуу орталығы бар.

Сондай-ақ, отбасылық іс-шаралар өткізудің 8 дерегі анықталды. Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылының 2 тұрғыны әрқайсысы 40-50-ден астам адам шақырып, үйлену тойын өткізген», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Қазір анықталған барлық дерекке қатысты жинақталған іс-құжаттар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Атырау қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында карантин режимі 1 айда 1378 рет бұзылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар