Бір ауылда екі Калинин: кімге үлгі? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Қайсеновтың Кемероваға жорығы - «Ońtústik Qazaqstan» газеті

null

Қазақтан шыққан әйгілі партизан Қасым Қайсеновтың өміріндегі қызықты оқиғалар туралы әңгіме көп. Сондай әңгіменің бірін мәслихат депутаты Сәду Бекенов партизанның өз аузынан естіп, жадында сақтап қалған екен. Газетке Қасым Қайсеновтың басынан кешкен сол бір адам сенгісіз оқиғасы жарияланыпты. Әңгіме негізінен Қасым Қайсеновтың Аман Төлеевпен танысуы жайында басталады. Соғыста көрген қиыншылығы, аштығы туралы әңгіме сұралса, батыр Қайсеновтың есіне бейбіт заманда Кемероводағы аштығы есіне түсетін көрінеді. Оқиғаны қысқаша баяндағанда былай болады: Батыр бір жылдары Петропавл қаласына құдалыққа келген екен. Атағы жер жарып тұрған кезде партизан-құданы «қатты сыйлап» жіберген көрінеді. Содан ұшаққа отырар алдында оған киітпен бірге бір жәшік коньяк салып береді. Одан арғысы, ұшаққа қалай отырғаны Қайсеновтың есінде жоқ. «Жолаушылармен бірге жерге түссем, мүлде басқа қала. Сөйтсем, мас болып жүріп Ресейдің Кемерово қаласына ұшып кетіппін ғой. «Осы ұшақпен кері қайтамын» деймін. Ұшақтағылар мені қалдырып кетті. Не істеймін? Қайда барамын? Қалтада соқыр тиын қалмапты. Құжат болса да жоқ. Әуежайға бірер күн түнедім. Ойым бір қазақ не иманжүзді адам кездесіп қалса жағдайымды айтып, қарызға ақша алып, Алматыға оралу. Қас қылғанда ешкім кездесе қоймады. Қаңғыбастық күй басталды. Бір үзім нан алып жүрген шағын асхана қызметкерлері мені көрсе теріс айналатын болды. Басым мәңгіп келе жатып, үй-күйі жоқ қаңғыбастардың арасына түсіп кетіппін. Лас орын. Сыз еден. Бықсыған темекі түтіні. Қатқан қара нан. Кейде ол да жоқ. Бірақ, бұл не көрмеген бас? Шыдадым. Шыдамасқа амал да жоқ еді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде менен бір бомж жөн сұрады. Партизан болғанымды айттым. Селк етпеді. «Қазақпын» деп едім, орнынан атып тұрды. «Білесің бе, біздің облыстың губернаторы қазақ, соған бар» деді. «Бір қазақтың дерегі шықты ғой» деп губернияға келдім. Сауыс-сауыс киімді кісіні ішке кім жібереді? Атақты партизан екенімді немен дәлелдеймін. Сонда да талайды көрген жырынды партизан емеспін бе, «Аманмен туыс едім» деп жүріп, губернатордың алдына да кірдім-ау ақыры»...

Аман Төлеев елмен хабарласып, Қайсеновті әуелі моншаға түсіріп, соңынан мұнтаздай етіп, қайтадан Петропавлға салып жібереді. Онда партизанды облыс әкімі күтіп алып, ол қонақ қылып, қайтадан алматыға салып жіберген екен.

Автобустағы мәдениет... - «Ақтөбе» газеті
null

Автобустағы мәдениет туралы жазған мақалада былай депті: «Әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарына қосылу мақсат етілген қазіргі шақта бұған енді төзуге болмайды. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қаланың қоғамдық көлік кәсіпорындарының да, жүргіншілердің де автобус ішінде мәдениет қалыптастыруға бейімделетін кезі жетті»...

Мақалада автобустағы қызмет көрсетуден бастап, ондағы кемшіліктер түгел тізіліпті. Күнделікті халыққа қызмет көрсететін автобустың тазалығы, техникалық жағдайы туралы да сөз болады. Шындығында бұның бәрі күнделікті біздің қоғамда орын алып жатқан жағдай. Оған біріміздің етіміз үйренсе, екіншіміз көндігіп қалғандаймыз. Ал енді бұның бәріне кім жауапты? Қоғамдық көлік иесі мен жолаушының әрқайсысының міндеттері, сақтауға тиіс тәртібі қандай?

«Қоғамдық көлік автобус та - кәдімгі халық жиі баратын театр, клуб, Мәдениет үйі сынды мәдени орын. Сондықтан жүргізуші мен кондуктор тарапынан халыққа мінсіз, мәдениетті қызмет ету талап етіледі. Өкінішке қарай, осыны көпшілік қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар мүлде білмейді, ал білгендері ұшқары қарайды» деп жазады автор.

Абсент жайлы кино түсірілсе...- «Арай» газеті

null

Өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары Құлан өңірінде бапталған Абсенттің аты бір кездері аңызға айналғаны белгілі. Абсент Рим, Токио, Мехико қалаларында өткізілген Олимпиада ойындарында олжа салған еді. «Арай» газеті бүгінде қазақ жадынан желдей ескен жүйріктің аты бірте-бірте көмескіленіп бара жатқанына алаңдайды.

Автор қазақ ұғымындағы жылқының орны туралы сөз ете келе, Абсент жайында кино түсірілсе деген ұсынысын айтады. Фильм түсіруде жүйрікті баптап бәйгеге қосқан Абсенттің алғашқы атбегісі Молдаш Әмреев пен тұлпарды тақымына басқан шабандоз Сергей Филатов сынды азаматтардың образдарын бейнелеп, ерекше етіп көрсетілсе деген тілегін де жеткізеді.

«Әлемдік кино өнері тарихында шетелдік режиссерлердің жануарлардың көркем образын, адамзатқа деген шексіз махаббатын таспалаған туындылары жүздеп саналады. Ал жылқы мінезді қазақ үшін бір кездері Құлан жерінде бапталған Абсенттей жүйріктің кинодағы бейнесін жасау шашасына шаң жұқпаған тұлпарға шексіз құрметтің белгісі саналар еді. Әрі бұл туынды жүйрік атты жеті қазынаның біріне санаған қазақ халқының жылқы малына деген ыстық ықыласын таныта алатындығына күмәнім жоқ».

Түлектер кеші: мектептен мейрамхана қастерлі ме?- «Орталық Қазақстан» газеті

null

Енді аз уақыттан соң мектептерде соңғы қоңыраудың да сыңғыры естіледі. Ендеше мектеп бітіретін түлекті тәрбиелеп отырған ата-анадан дегбір кете бастады деген сөз.

«Жасыратын несі бар, баласы білім іздеп бас қатырған тұста анасы тойхана іздеп табан тоздырған сәт те осы осы кезеңге дөп келеді. Сонда дейміз-ау, асыра сілтеп той жасамай-ақ, мектеп қабырғасында-ақ шарапатты шара ұйымдастыруға болмас па еді?» деп жазады «Орталық Қазақстан» газеті. Шынымен де, ойланарлық жайт.

Мектеп бітірушілердің «тойына» қатысты министрдің пікірі келтіріліпті. Ол да қоштасу кешін мектепте, сол білім шаңырағында өткізуді құптаған. Әйтсе де, автор ұстаздар пікірін де, түлектер ойын да біліпті.

Бәтістің Иманқұлы- «Сарыарқа самалы» газеті
null

«Сарыарқа самалы» газеті қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар туралы мәліметтер халыққа көп жете бермейтінін жазады. Әсіресе, Алашорда үкіметін құруға атсалысқан қаншама арыстарымыздың өмір жолы жайлы ақпараттар әлі де тарих беттерінде ақтаңдақ болып қалып келеді екен. Жоқтаушысы табылмай жатқан сол көптің бірі «Алаш» партиясының белді мүшесі - Бәтістің Иманқұлы. Мақала қазақтың елім деп еміренген арда азаматына арналыпты.
null

Иманқұл Жүсіпұлы - Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек селолық округінің қазіргі Өтес ауылының түлегі екен. Қабірі де сол ауылдың бауырындағы Найман-Ақан қорымында. Зиратының басындағы құлпытаста «Бәтіш немересі Жүсіп ұлы Иманқұл. 1875-1924 жылы қайтты» деген жазу бар екен.

Мақалада қайраткерге қатысты Қуат Есімхановтың пікірі беріліпті. Ол : «Біз үшін Бәтістің Иманқұлының атын жаңғыртып, қазақы рухты елге оралту - парыз. Қазір оның атын мектеп баласы түгілі үлкендер де біле бермейді. Кешегі Алашорданың арыстарының бірі болған адам. Көзі көргендер кетіп қалды. Сондықтан ел үшін еткен еңбегін ұрпаққа жеткізу, ол туралы игі әңгімелерді жұртқа тарату керек, - депті.

Мақалада Иманқұлдың ата-тегі тарқатылып, оның өмірі мен қайраткерлігі, батырлығы туралы сөз қозғалады. Иманқұл 1918 жылы Павлодарда өткен қазақтардың уездік съезінде Алашорда үкіметінің Керекудегі Уездік кеңес (комитеті) мүшесі болып сайланады. Кейбір деректер сараланып, оның кеңестің қазынашылығын басқарғаны айтылады.

«Исаның Қабышы (Қабыш Бердалин) елден салық жинағанда қашанда қасында жүреді және жиналған қаржы салынған дорба Имекеңнің иелігінде болады екен. Барған жерінде Иманқұлдың жанында ілініп тұратын көрінеді. Ол заманда да небір ұр да жық, жуан жұдырықтылар болған ғой. Ұрылар да жетерлік. Бірақ соның біреуі де Иманқұлдан именіп, әлгі ақша салынған дорбаға жақындай алмайтын көрінеді. Имекең ақыл-парасатын былай қойғанда, жуан білекті, алып денелі, қарулы адам болған. Қабыш ақын да «Жұдырығың жүруші еді найза орнына» деп тегін айтпайды ғой. Байғабыл Жылқыбаевтан ол кісінің мансабы туралы сұрағанда: «Иманқұлға қызметтің керегі не, Иманқұлдың өзі - қызметтің үстінде тұрған адам», - дейтін жарықтық.

«Квазимодо синдромы» белең алып барады - «Орал өңірі» газеті

null

Мақала негізінен сұлулық құрбанына айналғандар туралы болып отыр. Автор бір танысының артық майдан арылып, сымбатына сымбат қосамын деп ота жасатқанын, оның соңы күтпеген қайғылы жағдайға ұласқанын жазады. Бірер жыл бұрын Орал қаласында сұлулық екпесінен соң ажарланамын деген жас келіншектің жан тәсілім қылғанын да еске салады.

«Өзінің түр-сипатына көңілі толмаушылық психология ғылымында дисморфофобия немесе «квазимодо синдромы» деп аталады екен. Менің байқауымша, қазір біздің қоғамда осы «квазимодо синдромы» белең алып бара жатқан сияқты. Өйткені көшеге шықсаңыз, жасанды сұлулықтан «көз тұнып, бас айналады». Әсіресе, қоғамдық көлікке мінсеңіз, найзадай кірпіктер мен сүңгідей қастардың небір түрін көресіз» деп жазады автор.

Айтуынша, қазіргі күні әсіресе жастар арасында жасанды сұлулыққа ұмтылатындар көбейіп барады. Ал оның зардабы мен зияны туралы ойлайтындар кем де кем.

«Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, пластикалық ота жасатушылардың 70-80 пайызы - қыз-келіншектер. Дейтұрғанмен, бүгінде қарттықты мойындағысы келмейтіндер мен сұлулықты сүйетіндер қатарында ерлердің саны да көбейіп келеді екен»...

Қанекең неге қудаланды? - «Сарыарқа» газеті

null

Мақала қазақтың біртуар қайраткері, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арналған екен. Онда ғалымның ғұмыр жолы, қайраткерлігі баяндалады. Жеке мұрағаттар мен архивтерде ғалымның жазған хаттары туралы айтылып, олардың біразына шолу жасалады. Сондай хаттардың бірі Қаныштың шәкірті, ғалым В.И.Штифановтың архив қорында сақталыпты. Ол хаттарда Штифанов Қаныштың кейбір құлазыған сәттерін, оның себептерін де ашық жазып қалдырған екен. Соның ішінде А.М.Горький атындағы ғалымдар санаторийіндегі оқиғаларды да тізбектеген.

«Алғашқы күні сейілдеп жүргенімізде Қаныш Имантайұлы Қазақстан КП Орталық комитеті өзімен қатар жұмысынан босатқан Ілияс Омаровпен кездесуді ұсынды. Ол «Октябрьдің 12 жылдығы» санаторыйында, кіреберіс орыны бар тәуір бөлмеде демалып жатыр екен. Екеуі бастарына тап келген жағдайлар туралы әңгіме өрбітті. Мен терезенің алдында, орындықтарда үйме-жүйме болып тұрған кітап-журналдарды ақтарумен болдым. Философиялық, классикалық көптеген әдебиеттер бар екен. Ілияс Омарұлы сол кезеңде ұйқысыздыққа шалдығып, тәулігіне 2-3 сағат ғана ұйықтап жүргенін айтты. Үнемі кітап оқумен уақытын өткізіп жүрсе керек. Содан әр күн сайын кездесіп сейілдеп жүрдік. Кейбір іштарлықпен көреалмаушылар «Қазақстаннан қуылған екеуі Кисловодскіде бас сауғалап жүр» деп өсек таратқаны да Қаныш Имантайұлы мен Ілияс Омарұлына жетіп жатады екен. Бірде Сәтбаев маған Республикалық партия активінде әділетсіздіктің асқынғаны сонша, қорқынышты жағдай туындағанын, ол сол жерден Сталин жолдасқа жеделхат салуға мәжбүр болғанын айтқаны бар. Сталин Шаяхметовқа: «Сәтбаев жұмысынан алынбасын, партиядан шығарылмасын» деп жауап жолдапты. Бірақ Шаяхметов бұл пәрменді орындамады дейді»...

«...Көне заман эпосы «Едігені» Қанекең ел аузынан жазып алып, 1927 жылы жариялаған болатын. Реакционерлік мәні бар шығарманы жариялауы да саяси қателікке жатқызылады. Семей архивінен әлдебір жастар үйірмесінің тізімі табылып, онда ұлтшылдарға тілеулес болыпты деген сияқты небір жалалар ұлғая береді. Академия құрамындағы ғылыми институттар бәлен рет тексеріледі. Сөйтіп, ұлт жанашыры болып жүрген адамның жүйкесіне айтарлықтай салмақ түсірген бұл әділетсіздік Сәтбаевтың Ғылым академиясының президенттігінен кетуіне мәжбүр етеді.

Мақаланың түйіні Қаныш Сәтбаевтың өз ұлтын, халқын сүйгені үшін қудаланғанын ашып көрсетеді. Ол негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар халқымыздың тарихын, әдебиетін, этнографиясын, музыкасы мен өнерін жинақтап, дамытуға да зор үлесін қосты.

Бір ауылда екі Калинин: кімге үлгі? - «Жетісу» газеті
null

«Тәуелсіздік таңы атқалы бергі 28 жылдың ішінде елдігімізге қатысты қаншама іс атқарылды?! Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді деуге болады. Тарихымыз түгенделді. Соның бір парасы, Кеңестік дәуірдің «тұлғаларына», турасын айтқанда революция көсемі Лениннен бастап, халқымыздың басына қара бұлт үйірген қанқұйлы саясаттың «серкелеріне» арналған ескерткіш-бюсттер мен көше атауларының қазақ халқының, ұлтының келешегі үшін құрбан болған тарихи тұлғалар есіміне ауыстырылуы рухымызды асқақтата түскені анық» деп жазады «Жетісу» газеті.

Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, «ҚазССР кезеңіндегі кейбір тарихи тұлғалардың ескерткіштерін мемлекеттік есептен шығару туралы» ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің ұсынысы 2002 жылғы 31 қаңтардағы қабылданыпты. Оған сәйкес, Алматы облыстық мәслихаты кеңестік кезеңде бой көтерген 201 тарихи тұлғалардың ескерткішін есептен шығару туралы шешім қабылданған екен. Соның бірі - Тұздыбастау ауылындағы 1972 жылы бой көтерген М.Калининнің ескерткіші.

«Есептен шығарылып тасталғанына 17 жыл өтсе де бұл ескерткіштің әлі күнгі орнынан міз бақпай тұрғаны аудан жұртшылығы мен қоғам белсенділерінің шымбайына батуда» деп жазады автор.

Ал аудандық әкімдік қызметкерлері 2002 жылдан бастап облыстық мәслихаттың шешімімен аудандағы Ленин, Дзержинский, Калинин ескерткіштері алынып тасталғанын, сондықтан да бұл ескерткіш тізімде жоқ екенін айтады.

«Негізі мұны да алып тастауға болушы еді. Оған сол уақыттағы көненің көзі болған ақсақалдар алқасы, соғыс ардагерлері бар, бірқатар тұрғындар «Калинин өзі келіп, бата берген колхоз» деп қарсылық жасап, алғызбай қойған. Одан кейінгі алып тастау мүмкіндігі туғанда Бесағаш пен Тұздыбастаудың ақсақалдары арасында бөлініп-жарылған алауыздық пайда болды. Әркім өз ата-бабасының ескерткішін қоюға ұмтылды. Себебі, ескерткіш Бесағаш ауылдық округінің аумағында болғанмен, Тұздыбастау ауылына кіреберіске орналасқан. Соның салдарынан тағы тоқтап қалды, - деп жауап беріпті аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева.

Деректерге қарағанда, соңғы рет Калинин ескерткішін алып тастап, орнына Алаш арыстарының рухына арнап монумент қою туралы келісілген екен. Бірақ бұл сол жоба күйінше тоқтап қалған көрінеді.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған болар. Еркін елдің ұрпағы үшін қызыл империя «көсемінің» емес, тәуелсіздік жолында жанын пида еткен ата-бабаларының бейнесін көру зор мақтаныш емес пе? Олай болса, елдігімізге көлеңке түсіретін Калининнің Тұздыбастауда тұрақтап қалған қос бірдей ескерткіші жуық арада алынып тасталса құба-құп» деп жазады автор.

Басты фото: vse.kz

Соңғы жаңалықтар