Бір аптада мас болып көлік айдаған 270 жүргізуші ұсталды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қауіпсіз жол» айлығы аясында 46 мыңнан астам жол ережесін дерегі әшкереленді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүргізушілердің, әсіресе жолаушылар тасымалын жүзеге асыратындардың арасында апатты тұрақтандыру және көлік тәртібін арттыру мақсатында республика аумағында «Қауіпсіз жол» айлығы басталғанын білесіздер. Іс-шараның бірінші аптасында жол жүрісін қадағалау кезінде 46 мыңнан астам жол жүрісі қағидасын бұзу дерегі әшкереленді. Оның ішінде 270 жүргізуші автокөлікті мас күйінде басқарғаны, 153-і қарсы жолаққа шығып кеткені, 7 мыңнан астамы жылдамдық режимін сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Заңсыз қайта жабдықтаудың 400-ге жуық дерегі және маневр жасау ережелерін бұзудың 3 мыңға жуық дерегі анықталды. Сондай-ақ, жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 60-тан астам жүргізуші ұсталды», - деді Жандос Мұратәлиев ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, техникалық ақауы бар, рейс алдындағы техникалық байқаудан өтпеген көлікті пайдалануға шығарғаны, сондай-ақ жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау кезінде жүргізушіні медициналық тексеруден өткізбей көлік басқаруға жібергені үшін 48 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

«40-қа жуық рұқсат етілмеген тұрақ анықталды. Одан бөлек, аталған учаскелердегі қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттыру үшін автожолдардың апаттық қауіпті учаскелеріне қосымша тексеру жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, автомобиль жолдарына 1,2 мың тексеру жүргізіліп, 20 қауіпті орын анықталды. Жолды күтіп ұстаудағы кемшіліктерді жою үшін 749 ұйғарым берілді. Жолды күтіп ұстауға жауапты тұлғаларға қатысты 476 әкімшілік хаттама толтырылды. Қосымша 350-ге жуық жол белгісі орнатылды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар