Бір аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,2 пайызға өсті

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,2 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өткен аптада әсіресе қырыққабат – 3,4, картоп, айран – 0,9, сүт, пияз – 0,8, тұз – 0,7, қант, сәбіз 0,4 пайызға өсті.

Жұмыртқа - 0,4, күнбағыс майы, тауық еті, сүзбе - 0,1 пайызға арзандады.

Өңірлер бөлінісінде апта ішінде бағаның барынша өсуі Алматы қаласында 0,6, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында 0,4 пайыз мөлшерінде тіркелді.

Алматыда қант бағасын тұрақтандыру үшін «айналмалы схема» арқылы 5,8 мың тонна қант сатып алуға 1,5 млрд теңге сомасында қарыз берілді.

Қаланы ерте көкөністер мен жемістермен қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 22 мың тонна жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасалды.

Күріш пен тұздың бағасын тұрақтандыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі тұрақтандыру қорының резервіне 272 тонна күріш пен 68 тонна тұз сатып алу мәселесін жедел пысықтады.

300 тонна картоп жеткізу бойынша павлодарлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келіссөздер жүргізілді.

Көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін «Агрофирма Приречное» ЖШС-не «револьверлік схема» бойынша 0,5 млрд теңге сомасында қарыз берілді.

«Қостанай облысында әкімдік қырыққабаттың шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасын 104 теңге және қант 289 теңгені бекітті. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорында қырыққабаттың бес айлық көлемі – 970 тонна, қант – 204 тонна бар. Қазір Азық-түлік корпорациясы арқылы 136 тонна қантты қосымша сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Форвардтық келісімшарт бойынша 150 тонна қырыққабатқа келісімшарт жасалды. Сүт бағасын тұрақтандыру үшін «Олжа Продукт» ЖШС-не «револьверлік схема» бойынша 200,0 млн теңге қарыз берілді», - деп атап өтеді министрліктен.


Соңғы жаңалықтар