+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

Бір апта иен далада қазба жұмыстарына қатысып, құнды тәжірибе жинадық – волонтерлер

2020 жылғы 16 қыркүйек 20:56
Бөлісіңіз:
Бір апта иен далада қазба жұмыстарына қатысып, құнды тәжірибе жинадық – волонтерлер

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Алтын орда дәуіріне жататын «Қызыл оба» қонысында екінші жыл қатарынан археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл республикалық «Asyl мura» волонтерлік ұйымы оба-мавзолейді топырақтан аршуға ғалымдарға көмекке жастарды жұмылдырды. ҚазАқпарат тілшісі қазба жұмыстарына қатысқан волонтерлердің бір тобымен тілдесті.

Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық 135 мың волонтер бір күнде 6 мың тонна қоқыс жинады Волонтерлер Нұр-Сұлтан тұрғындарына карантин тәртібін түсіндірді

- Өздеріңізді таныстырып кетсеңіздер.

- Менің есімім – Сымбат Сәбибай. Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласынан боламын. Биыл Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша бакалаврды бітіргенмін. Жуырда «аударма ісі» бойынша магистратураға оқуға түстім.

- Менің есімім – Зарина Әкімжан. Жасым 23-те. Нұр-Сұлтан қаласынанмын. Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде магистратурада білім алып жатырмын. Сіңлімнің есімі - Камила Әкімжан. Ол да Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің 2-курс магистранты.

- Қыздар, таңдаған мамандықтарыңыздың не тарихқа, не археологияға қатысы жоқ. Уәлиханов ауданына барып, қазба жұмыстарына қатысуға не түрткі болды?

Сымбат Сәбибай:

- Ия, шыны керек, мамандығымның тарихпен ешқандай байланысы жоқ. Археологиялық қазба жұмыстарына қатысамын деген ой да болмаған. «Asyl мura» волонтерлік ұйымы Көкшетау қаласында кездесу ұйымдастырды.

Осы кездесуде СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының мамандары бізбен «Қызыл оба» тарихи ескерткіші жайынды қызықты да, мол мағлұматпен бөлісті. Павлодардағы «Марғұлан Центр» орталығының ғалымдары «Қызыл оба» жайында дәріс оқып, таныстырылым жасады. Осыдан кейін Алтын орда дәуіріне жататын қонысты барып көруге деген, қазба жұмыстарына қатысуға деген қызығушылық туды.

Осы жобаның арқасында білім мен сарқылмас тәжірибеден басқа, болашақта бізді Қазақстанның кез келген жерінде ұйымдастырылатын археологиялық қазба жұмыстарына грин карта ұтып алдық.

Зарина Әкімжан:

- Маған бұл жоба жайында сіңлім айтты. Бірнеше волонтерлік бағыт бар екен. Соның ішінен өзімді қатты қызықтырған осы археологиялық қазба жұмыстарын таңдап алдым. Бірден сауалнаманы толтырып, осылайша қатысушылар тізіміне іліктім. Менің мамандығыма қатысы болмаса да бұл сала мен үшін қызық. Әрі осы жоба аясында еліміздің өзге өңірлерін көрдім, табиғатымен таныстым.

Камила Әкімжан:

- 7-12 қыркүйек аралығында Уәлиханов ауданындағы археологиялық қазба жұмыстарына «Асыл мұра» жобасы аясында волонтер ретінде қатыстым. Бұл менің екінші экспедициям, биыл тамыз айында ШҚО-да археологиялық қазба жұмыстарына қатыстым.

Менің археологияға деген қызығушылығым жоғары. Осы әуестігім жобаға қатысуға мұрындық болды. Менің ойымша, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан орында болу, тарихи құнды жәдігер табу – көптің арманы. Мен құнды тәжірибе алдым. Тарих жайында білімімді толықтырдым.

- Волонтер ретінде тәжірибелеріңіз бар ма? Бұл жоба сіздерге не берді?

Камила Әкімжан:

- 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық ЭКСПО көрмесінде 3 ай волонтер болдым. Волонтерлікпен айналысудың жақсы жақтары көп. Осы сапарда мен көптеген қызықты адамдармен, археологтармен таныстым. Қазба жұмыстарынан қол босағанда, кешке алау басында ән кештерін ұйымдастырдық.

Жалпы бұл жобаға қатысқаныма еш өкінбеймін. Бұл өмірде берілетін мүмкіндіктердің бірі – оны міндетті түрде қолдану керек. Мен әлі күнге сол жобадан алған жақсы әсерде жүрмін. Өмірге деген құлшынысым артты, позитивті көңіл-күй сыйлады.

Зарина Әкімжан:

- Жоғары оқу орнында оқып жүріп, волонтерлікпен айналыса бастадым. Негізінен белгілі бір іс-шараларда, форумдарда, конференцияларда ерікті болып жұмыс істедім. Мен қатысқан ең ірі жобалардың бірі – ЭКСПО-2017 көрмесі.

Бұл жоба аясында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында болуға мүмкіндік алдым. Екі экспедицияда да бір-бір аптадан болдық, өкінішке орай уақыттың қысқалығынан жұмыстың нәтижесін көре алмадық.

Соған қарамастан құнды тәжірибе алдым. Археологиялық қазба жұмыстарының қалай жүргізілетінін, археологтардың қандай жағдайда жұмыс істейтінін көріп, басымнан кешірдім. Бәріміз кей қиын жағдайларды бірге өткердік, бірақ қызықты, көңілді шақтар көп болды.

Бірге СҚО-да жұмыс істеген команда - Камила, Сымбат, Дана, Дарханға және ШҚО-да танысқан Анель, Аспан-Дияр және Гүлзия Аскенқызына алғыс айтамын.

Сымбат Сәбибай :

- Шетелде, өз елімізде мәдени, экологиялық, спорттық және тағы басқа жобаларда волонтер болып жүргеніме екі жылдан астам уақыт өтіпті. Археологиялық қазба жұмыстарына менің бірінші рет қатысуым.

Қазба жұмыстарында біз үйреншікті жағдайдан шығып, түрлі қызықты жайттарды бастан кешірдік. Мәселен таңертең сағат 6.20-да жылы көрпемізден шығып, даладағы қолжуғышта суық сумен жуынып, таңғы ас жасауға кірісеміз. Қолымыз жарылып кеткен.

Қазақтың кең даласында электр энергиясы, ұялы байланыс, интернет, жылы сусыз қалай өмір сүруге болатынын басымыздан өткердік. Жаңбыр жауып, жел тұрғанда қиын, ормансыз ен дала болғандықтан өн бойыңнан өтеді. Алғашқы екі күн қиын болды. Кейін суды жылытып, жуынуға бейімделдік.

Қазба жұмысында ұлдар жер қазады, біз щеткамен обаның еденін, қабырғасын табамыз. Ал кешке қарай алау басында ән саламыз. Генераторды қосқанда, телефонды қуаттау үшін кезекке тұрамыз. Интернетке кіру үшін әр төбешіктің басына мінеміз.

Ал азық-түлікті 10 шақырым жердегі көрші ауылдан тізіммен алғызып отырдық. Бір апта бір күндей өте шықты. Әр күніміз өмір бойы есімде қалмақ!

- Әңгімелеріңізге рахмет, қыздар!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT