Бір апта азық-түлік жоқ: Балқаш маңындағы ауыл қар құрсауында қалды

None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Балқаш қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Бектау ата ауылының тұрғындары қалың қар құрсауынан шыға алмай отыр. Елді мекендегі 30 отбасы тіпті, бір апта бойы азық-түлікке қол жеткізе алмай, қиындық көрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бектау ата ауылына Балқаш-Қарағанды трассасымен тозығы жеткен асфальт апарады. Ол кеңес заманында салынған. Оның ұзындығы небәрі 12 шақырымды құрайды. Соңғы бес жылда бұл аумақ қар құрсауында қалып келеді. Ақпан айының өзінде тұрғындар аптаға жуық уақыт қалаға қатынаудан қалған. Сонымен қатар бұл аумақта ұялы байланыс та нашар. Боранда қалып қойғандар құтқарушыларға немесе басқа да шұғыл қызметтерге жедел хабарласа алмайды. Ал жергілікті белсенділердің айтуынша, Ақтоғай ауданы әкімдігінің өкілдері бұл мәселеге көз жұма қарап отыр.

«Бір апта қар басты жолды. Өзім 66-маркалы үлкен техникамен тұрғындарға керек-жарақты жеткізіп тұрдым. Жеңіл көлік тұрмақ, джиптардың өзі қатынай алмайды. Қазір жолды ашқан. Бірақ жағдай тағы қайталана ма деген үрейдеміз. Осы жағдай қайталанбаса екен», - дейді Бектау ата тұрғыны Ұлан Мәлібек.

Ақтоғай ауданының әкімдігі тұрғындар шағымына жауап берді.

«Қатты боран салдарынан жолдарды жабу орын алған. Барлық жұмыстар жүргізілуде», - деді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Саян Мұратұлы.

Айта кетейік, жергілікті тұрғындар бірер күн бұрын осы мәселеге қатысты бейбіт шеру ұйымдастыруды жоспарлаған. Жағдайдан хабардар болған билік мәселені бірден назарға алып, қар күреуге жедел техника да тапқан. «Тағы күн боратып, жолды қар басса, аудан әкімдігі ауыл халқының жайын жіті назарда ұстаса», - деп өтініш білдіреді ауыл жұрты.


Соңғы жаңалықтар