Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру үшін жұмысты жандандыру керек - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру үшін жұмысты жандандыру керек. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл әлемді пандемия жайлағанына екі жылға жуықтады. Оның салдары Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Біздің дипломатиялық корпус осы күрделі кезеңде жоғары деңгейде қызмет етті. Шетелдегі мыңдаған азаматымызға көмек көрсетті. Сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін тиісті жұмыс атқарды. Дипломаттарымыздың арқасында Қазақстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Біз де бірқатар мемлекеттерге қолдау көрсеттік. «Вакциналық дипломатияның» арқасында Орталық Азиядағы індетке байланысты ахуалды тұрақтандыруға үлес қостық. Түрлі қиындыққа қарамастан, Сіздер алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындап келесіздер», - деді Президент дипломаттарға қарата айтқан сөзінде.

Мемлекет басшысы еліміз ЭКОСОС-қа және Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайланғанын еске салды.

«Биыл теңізге тікелей шыға алмайтын елдер тобына төрағалық етіп отырмыз. Басқа да маңызды бастамаларымызды жүзеге асыру үшін ауқымды шаралар қолға алып жатыр. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру үшін жұмысты жандандыру керек. Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық дағдарысты еңсеруге өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл – біздің сыртқы саясатымыздың жасампаздық сипатының айқын көрінісі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар