Білімге «тоймайтын» мамандардың арқасында медицина жетіледі – травматолог-дәрігер Болат Ысқақов

None
Фото: Болат Ысқақовтың жеке мұрағатынан
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығының маңызы ешқашан аласармасы анық. Бұл салада әсіресе, хирург мамандардың арқалайтын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Елімізде ауырып-сырқаған әр адамның денсаулығын бірінші орынға қойып, оны оңалтуды басты міндет еткен мамандар қатары үнемі толығып келеді. Солардың бірі - ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасы №3 хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог-дәрігер Болат Ысқақов. Ол жетекшілік ететін бөлімше жылына мыңға жуық науқасқа хирургиялық көмек көрсетеді. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанда травматология бойынша ең көп ота жасаған бірегей маманмен сұхбаттасып, оның қажырлы еңбегі мен бүгінгі медицина жетістіктері жайлы сұрап көрген еді.

Болат Серікұлы 1983 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданында дүниеге келген. Медицина саласының маманы болсам деген бала күнгі арманы оны Ақмола мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсуге жетеледі. Оқу орнының қабырғасында 6 жыл білім алып, тәмамдағаннан соң біліктілігін ұштай түспек үшін Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының базасындағы клиникалық ординатурада оқыған. Содан бері 15 жылдан астам уақыт бойы ол дертіне дауа іздеген жандарға көмек қолын созып келеді. Бүгінде еліміз бойынша білікті мамандардың бірегейі саналатын Болат Ысқақов Қазақстан травматологтар қауымдастығының мүшесі, 30-дан астам ғылыми мақаланың авторы.


- Болат Серікұлы, осындай жауапты әрі қиын мамандықты таңдап, дәрігер болуыңызға қандай ой ұшқыны себеп болды?

- Бала кезімде дәрігер болып, ауырған адамдарды емдеп, олардың қалыпты өмірге қосылып кетуіне жәрдемдессем деген арманым болатын. Сондықтан алдыма бір ғана мақсат қойдым – ол білікті маман атану. Ол үшін 2000 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясына түсіп, оны 2006 жылы тәмамдадым. Кейін елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының базасында клиникалық ординатураны аяқтадым. Ол жерде маған тамаша адам және бірінші дәрежелі маман Орловский Николай Брониславович жетекшілік етті. Содан соң №3 травматология бөлімшесінің ординатор дәрігері, білікті маман және бөлім басшысы Әшімов Қайрат Жолдыбайұлының қарамағына жұмысқа қабылдандым. Осы бөлімшенің Тимур Төлегенұлы Байдалин, Александр Александрович Степанов, Өмірбек Байдарбекұлы Құлымқұлов сияқты дәрігерлерімен жұмыс істей жүріп, мен олардан жедел емдеу және шұғыл әрі ауыр жағдайда түскен пациенттерге медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгердім.


- Алғашқы жасаған отаңыз есіңізде ме? Сол кездегі сезім қандай болып еді?

-Менің алғаш жасаған операцияларым Илизаров аппаратының көмегімен балтыр бойында сынған сүйектерді арнайы құралдармен бекіту болды. Осы оталардан соң пациенттер маған алғысын білдіріп жатты. Сол сәтте өте қатты қуандым. Кейін мен сол кездегі клиниканың жетекші маманы Алексей Александрович Белокобылов игерген буындарды эндопротездеу техникасын меңгергім келді, қатты армандадым. Бақытыма орай, мен жұмыс істеген бөлімнің қызмет бағыты кейін ортопедияға негізделетін болды. Яғни, ол бөлімнің негізгі профилі буындарды эндопротездеу болып ауысты. Сонымен қатар, біз шұғыл травматология тәжірибесін жалғастыра бердік.


- Қазір еңбек етіп жүрген ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасындағы қызметіңізге тоқталсақ. Мұнда қандай оталар жасайсыз және қай бағытта медициналық көмек көрсетумен айналысасыз?

- 2015 жылдан беріПрезидент Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасында еңбек етіп келемін.Мен зақымдалған буын, аяқ-қол және тірек-қимыл қозғалыстарындағы аурулардарды емдеумен айналысамын. Оның ішінде туа біткен дерттер де бар. Біз негізінен хирургиялық жолмен емдеу арқылы медициналық көмек көрсетеміз.

Қазіргі уақытта мен травматология бөлімшесінің меңгерушісімін. Бұл жерде әріптестеріммен бірге әлемнің озық клиникаларында білімімді толықтырып, тәжірибемді жетілдіруіме мүмкіндік алдым.

- Қазіргі еңбек орныңызда отаны сәтті жасауға мүмкіндік беретін қандай тың тәсілдер мен жаңа технологиялар қолданылады?

- Біз спорттық жарақаттар мен ортопедиядағы жаңа әдістемелерді игердік. Оны күнделікті өз тәжірибемізде қолданып жүрміз. Сонымен қатар, біз мүмкіндігінше білімімізді толықтырып, жаңа технологияларды үйренуге бағытталған әлемнің озық конференцияларына қатысамыз. Онда шетелдік әріптестердің ғылыми жұмыстарының нәтижесін көріп, оларды өз елімізге енгізу бойынша бастама қарастырамыз.

Бізде пациенттер өте көп. Науқастар еліміздің барлық өңірінен, сонымен қатар жақын шет елдерден де келіп жатады. Олар хирургиялық ем алу үшін күтетін кезекке қарамастан, біздің мамандарға сенім артады. Ол үшін пациенттерге алғыс айтамын.


- Сіз Қазақстанда травматология бойынша ең көп ота жасаған мамандардың бірісіз. Осы уақытқа дейін қанша операция жасағаныңыз есіңізде ме?

- ҚР ПІБ Медициналық oрталығының ауруханасында жұмыс істеп келе жатқан аралықта мен және әріптестерім 4 мыңнан астам пациентке көмек көрсетіп, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасадық. Ем алған науқастар бізді әлі ұмытқан жоқ, әр мереке сайын жылы лебіздерін білдіріп, құттықтап жатады.

- Ең ауыр өткен операция есіңізде ме?

- Әрине, кез келген мамандықта бар сәтсіздіктер бізде де болады. Бұл психологиялық тұрғыдан өте қиын. Дегенмен олар бізді осындай салдарға әкеліп соғатын нәтиженің себебіне үңілуге және болашақта оны қайталамауға итермелейді. Осындай ізденістердің арқасында біз асқынуларды жою үшін көптеген заманауи әдістерді енгіздік.


- Сіздің ойыңызша медицина маманы үшін ең үлкен мәртебе қандай?

- Менің ойымша, медицина саласындағы ең жоғары мәртебе – науқас пен қоғамға қажет болу. Емделіп кеткен адамдардың шынайы эмоциясын көру, тек маған ғана емес, сондай-ақ олардың ата-анам мен жақындарыма алғыс білдіруі – нағыз мәртебе.

- Сіз сияқты медицина маманы болып, осы салаға бет бұрып келе жатқан жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

- Біздің саладағы жас таланттарға таңдаған мамандығы бойынша білімін үнемі жетілдіріп тұрса деген ойды жекізгім келеді. Білімге «тоймайтын» мамандардың арқасында сала жетіледі, дәрігерлер жаңа дағдыларды үйренеді.

- Болат Серікұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!


Соңғы жаңалықтар