Білімге құштар ұрпақ. Жаңаөзен оқушыларының жаңа белесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көпшілік арасында мұнайлы қала аталып кеткен Жаңаөзеннің жасөспірімдері мамандық таңдауда бір саламен шектелмей, алуан түрлі кәсіпті игеруді қалайды. Олардың арасында болашақ сәулетші, IT маманы, дәрігерлер мен мұғалімдер бар. ҚазАқпарат тілшісі «Жарқын болашақ» бағдарламасымен еліміздің үздік оқу орындарында білім алып жатқан жаңаөзендік оқушылармен тілдесіп, олардың арман-мақсаттары мен қызығушылықтары туралы әңгімелесіп, жаңа ортаға қалай бейімделіп жатқанын өз көзімен көріп қайтты.



ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру деректер базасының ақпаратына сәйкес, Жаңаөзен мектептерінде 22 мыңға жуық оқушы білім алады, жыл сайын екі мыңнан астам 11-сынып оқушысы мектеп бітіреді және үш мың оқушы 9-сыныптан кейін оқуын аяқтайды. Олардың 25%-ға жетпейтін бөлігі ғана әрі қарай білім алып, оқуға түседі. Оның үстіне, қалада жаратылыстану, орыс және ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен басталған «Жарқын болашақ» жобасы қаладағы білім сапасына қатысты мәселелерді шешуге және мектеп оқушыларының елдегі жетекші жоғары оқу орындарынан грант алу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі. 2022-2023 оқу жылында «ҚазМұнайГаздың» демеушілік көмегінің арқасында Жаңаөзеннің 227 дарынды ұл-қызы Қазақстанның үздік мектептері мен колледждеріне тегін оқуға түсті. 149 оқушы еліміздің 11 қаласында орналасқан (Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Петропавл және т.б.) 44 колледжде оқуды бастады.

Айта кететіні, балалар мамандық таңдауда мұнай-газ саласынан басқа бағыттарға басымдық берген. Олардың ішінде политехникалық мамандықтар, көлік және коммуникация, экономика және технологиямен байланысты мамандықтар басым. Гуманитарлық мамандықтар мен IT бағытын таңдағандардың да үлесі жоғары.

28 баланың таңдауы басқаша болып шықты. Олардың ішінен 12 оқушы республикалық өнер колледждеріне (Т.Қ. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі, П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі, Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі, Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжі) оқуға түсті, 6 бала олимпиадалық резервтегі республикалық спорт мектеп-интернаттарына, ал 10 жас жаңаөзендік Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебіне іріктеуден өтті.

Тағы елу бала IQanat High School of Burabay мектеп-интернатына қабылданды.

Жоба, сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға бағытталған. Олардың қатарына ата-анасының бірі жұмыссыз отбасылар жатады. Іріктеуден өткен оқушылардың арасында көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққандар, сондай-ақ отбасында мүмкіндігі шектеулі жандар бар немесе патронаттық отбасылардан шыққан балалар да бар.

ҚМГ жастардың оқу ақысын, тұратын орнын, жол жүру ақысын төлейді, оған қоса стипендия мен маусымдық киім сатып алуға қаржылық көмек береді. Былтыр бұл бастамаға Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау білдірсе, 2023 жылы жобаны «ҚазМұнайГаз» тікелей қаржыландыруды жоспарлап отыр.


Осы бастаманың шарапатын көрген жаңаөзендік балалармен танысу үшін Алматы мен Бурабай курортында орналасқан оқу орындарына барып қайттық. Бурабайда пансионат түрінде ашылған IQanat мектебінде Жанаөзеннен 50 оқушы 2022 жылдың күзінен бастап білім алып жатыр. Іріктеу талаптарына сай, оқушылар жаратылыстану пәндеріне, яғни математика-физикаға бейім болуға тиіс. Сонымен қатар, мектепте ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға жіті көңіл бөлінеді.

Мектепте қыздар мен ұлдарға арналған жатақхана да бар. Ал жазда мектеп жанынан лагерь жұмыс істейді. Балалар қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де үйрене алады (мектепте IELTS Center бар). Одан бөлек, киіз үй құру, қазақша күрес, садақ ату, атқа міну секілді ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сабақтан тыс үйірмелер де бар.

Оқу жылы басталғаннан бері алғаш рет қысқы демалыста Жаңаөзенге үйлеріне барып, сағынышын басып келген оқушылар бастапқыда үйренісу оңай болмағанын жасырмады. Алайда, өздері секілді еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сыныптастарымен жақынырақ танысып, білім бағдарламасын түсінгенде жылдам бейімделгендерін айтады. Барлығы бірауыздан IQanat мектебінде оқу ұнайды дейді.

Біз сөзге тартқан жаңаөзендік оқушылардың бірі Айжан Әсембай мектеп туралы әпкесінен естігенін, сабағы ойдағыдай екенін жеткізді.

«Әпкем IQanat мектебіне түскісі келді, алайда сынақтан өтпеді. Осы мектеп жайлы маған айтты. Іріктеуден өтіп, қабылданғаныма қуаныштымын. Алғашында бейімделу оңай болмағаны рас. Өйткені, үйден жырақта, жанымда ата-атанам жоқ. Бірінші оқу семестрі бейімделумен өтті деуге болады. Сабақ жағы да оңайға соқпады, себебі оқу бағдарламасы басқа. Қазір үйрендім, бәрі ойдағыдай», - деді Айжан Әсембай.


Айжанға ағылшын тілі ерекше ұнайды. Болашақта энергетика саласы бойынша шетелдің үздік университеттерінің біріне түсуді армандайды. Айжан IQanat мектебіне түскісі келетін ізбасарларын өздеріне сенімді болуға шақырды.

Ал жаңаөзендік Олжас Нұрланұлы IQanat мектебінде оқуды 2 жыл бойы жоспарлаған. Мектеп туралы әлеуметтік желі арқылы оқып-білген, алайда грантқа емтихан уақытынан кешігіп қалған екен. Дегенмен араға бір жыл салып, өткен жазда оқуға қайта тапсырды.

«Арманым орындалып, мектепке қабылданған үздік оқушылардың бірі атандым. Оқушылар бұл мектепке арман қуып келеді. Бәріміздің қызығушылығымыз ортақ болғандықтан тіл табысу, бейімделу жеңіл өтті. Мектебімнің ұнайтын тұсы, негізгі сабақтардан бөлек, елімізге және шетелге танымал әртүрлі сала өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады. Кітапхана, компьютер сыныбы, шығармашылық және спорт үйірмелері, бос уақыт және өзіндік жұмыстармен шұғылдануға арналған орындар да бар», - дейді Олжас Нұрланұлы.


Олжас сабақтан тыс уақытта волейбол ойнайды, мектептегі музыкалық топта ән айтады, биология пәнін ерекше жақсы көреді. Болашақта тіс дәрігері мамандығына түскісі келеді.

Бурабайдағы мектеп ұстаздары ауылдан келген балалардың дарынды және білімге құштарлығы ерекше екенін де айтып қалды. Соның ішінде, жаңаөзендік балалар шығармашыл, көпшілік алдында өнер көрсетуден дес бермейді екен.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәншүк Әйтімова оқушыларға білім беріп қана қоймай, ата-ана рөлін атқаратын кездеріміз де болады дейді.

Бурабайдан кейін, Жаңаөзен қаласының жасөспірімдері білім алып жатқан келесі қала – Алматыға жол тарттық. Былтыр іріктеуден өткен 11 оқушы Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде және 10 оқушы Республикалық физика-математика мектебінде оқып жатыр.

Солардың бірі Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде 1-курста оқитын Арман Сейсенбаевпен тілдесудің сәті түсті. Ол «Жарқын болашақ» жобасы туралы мектепте оқып жүрген кезінде естіп, Алматыға оқуға түсуге бағын сынап көрді.


«Жоба жайлы маған мектептегі ұстаздарым айтты. Өзім армандаған Алматыға оқуға түсуге бағымды сынап көргім келді. Жолым болып, колледжке оқуға түстім. IT саласында білім алып жатырмын. Бала кезден технологияға қызығушылығым бар. Болашағымды осы саламен байланыстырғым келеді», - дейді Арман Сейсенбаев.

Бүгінде жаңа технологияның қарқынды дамуы мен интернет кеңістігінің жылдан жылға маңызы артып келе жатқанын ескерсек, IT мамандығын таңдайтын жастардың қатары көп. Солардың бірі тағы бір жаңаөзендік студент – Мейрамбек Төремұрат.

«Қазіргі таңда бүкіл әлем цифрландыруға бет алды. IT саласының болашағы зор. Мамандық таңдарда, ең алдымен, осыны ескердім. Болашақта мықты IT маман болуды армандаймын», - дейді ол.


Елімізге әйгілі білім ордасы – Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебін білмейтіндер аз. Мұнда әр өңірден суырылып шыққан оқуда озат, дарынды балалар білім алады. «Жарқын болашақ» жобасымен жаңаөзендік 10 бала осы мектепке тапсырып, өз білімін дәлелдеп, оқуға қабылданған. Оның тоғызы қазақ бөлімінде, біреуі орыс бөлімінде оқиды.

7-сынып оқушысы Нұрила Атабай болашақта халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпазы атануды армандайтынын айтты.

«Физика-математика мектебінде оқыған ұнайды. Себебі, мұнда кіл мықты дарынды балалар жиналған, бұл әрі қарай дамуымыз үшін маңызды. Білікті ұстаздардың берген білімі мен тәлім-тәрбиесін ерекше атап өтер едім. Бос уақытымда сабағымды қайталап, волейбол үйірмесіне қатысамын. Халықаралық Жәутіков олимпиадаларына қатысып, жеңіске жеткім келеді. Қазақстан атынан шетелдердегі сайыстарда да бағымды сынап көрсем деймін. Ал болашақта психолог немесе ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғым келеді», - деді Нұрила Атабай.

Ал 8-сынып оқушысы Жаннұр Аманқос мектептегі сапалы білім мен оқушыларға арналған мүмкіндіктер, қолдау жайлы айтып берді.



«Оқу бағдарламасы жан-жақты, пәндер терең оқытылады. Ұстаздар оқушыларға жоғары талап қояды. Геометрия пәні ұнайды, болашақта архитектор болуды, туған қаламда ерекше құрылыс нысандарын жобалауды армандаймын», - дейді оқушы.

Туған өлкесінен, ата-анасынан жырақта, Алматыға арман қуып келген жастардың бірінші міндеті – артылған үмітті ақтап, оқуда озат болу, маман ретінде қалыптасу жолындағы алғашқы қадамдарын сәтті жасау. Жоба қатысушыларымен консультант-үйлестірушілер жұмыс істейді, олар бейімделу кезінде балаларды кеңестерімен қолдап отырады.

Осылайша, еліміздің жетекші мұнай компаниясының бастамасының арқасында балалар нақты ғылымдарды тереңдетіп оқудан бастап, шығармашылық және спорттық дарындарын дамытуға ықпал ететін әртүрлі бағыт бойынша сұранысқа ие мамандықтарда білім алуға бірегей мүмкіндікке ие болды.

Былтыр бастау алған «Жарқын болашақ» жобасы 2025 жылға дейін жалғасады. Осы уақытта 4000-ға жуық оқушы еліміздің жетекші мектеп-интернаттары мен колледждерінде білім алуға мүмкіндік алады.

Жобаға қатысқан оқушылар мен олардың ата-аналары бастамаға шын ықыласпен қолдау білдірді. Өйткені «Жарқын болашақ» Жаңаөзеннің жас тұрғындарына еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін сапалы білімге жол ашады. ҚМГ мен жергілікті билік келешек жас мамандарды өңірлерде жұмысқа орналастыруға қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр.

Мектеп-интернаттарға қабылдау және колледждерге түсу жасы оқу орындарының ішкі ережелеріне сай жүргізілетінін айта кету керек. Бағдарламаға қатысатын серіктес мектептер мен колледждердің тізімі үнемі жаңартылып, жаңа оқу орындары қосылып отырады.

Осылайша, жаңаөзендік оқушылар болашақ мамандығын таңдап, армандаған оқу орнына түсуде «ҚазМұнайГаз» тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр, бұл көмек алдағы уақытта тек арта бермек.






Соңғы жаңалықтар