Білімді жан басына қарай қаржыландыру: Мектепті қандай өзгеріс күтіп тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кездері республика бойынша ірі қалаларда мектеп жетіспеушілік проблемасы өршіп тұр. Әсіресе ірі мегополистерде мектептер саны жыл сайын артып отырғанымен, орын жетіспеушілігін шешу мүмкін болмады. Себебі ауылдан қалаға көшетін халықтың легі тоқтамады. Биыл екі-үш мектеп пайдалануға берілсе, келесі жылда тағы төрт мектеп салу қажет. Осылайша, жыл сайын бюджеттің біраз ақшасы қала мектептеріне құйылып жатыр. Әйтсе де, халық тығыз орналасқан өңірдегі ауыл мектептері де апаттық жағдайда не үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Бұл мәселе Үкіметтің де бақылауында. Осыған байланысты атқарушы билік ендігіде, жылдар бойы қордаланып қалған «дәстүрлі шеңберден» шығу үшін білім саласын қаржыландыру саясатын біртіндеп өзгертуге кірісті. Осы мақсатта биылдан бастап мектептерге академиялық еркіндік берілді. ҚазАқпарат тілшісі орта білім саласындағы негізгі реформаның мән-маңызын сараптап көрген еді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, республикалық бюджет қаржысына жыл сайын 110-170 мектеп салынады екен. Алайда үш ауысымды және апаттық мектептер проблемасы шешілетін емес. Министр Ерлан Сағадиевтің айтуынша, үш ауысымды жүйенің сақталуына екі себеп бар. Біріншісі - демография, екіншісі - миграция. Мәселен, жаңа ғасырдың басында, яғни 2000 жылы республикада 222 000 бала дүниеге келді. Ал он алты жылдан кейін аталған көрсеткіш екі есеге өсті.

«Әрине, мемлекетіміз үшін бұл - өте қуанышты жағдай. Бірақ, осындай демографиялық үдеріс жаңа мектептерге деген үлкен сұранысты тудырып отыр. Сосын көші-қон мәселесі де бар. Мысалы, өткен жылы Астанаға еліміздің басқа аймақтарынан 80 мыңға жуық адам көшіп келді, олардың шамамен 17 мыңы - балалар. Бұл дегеніміз, елордада жыл сайын, шамамен, 15 жаңа мектеп салу қажет дегенді білдіреді», - дейді Ерлан Сағадиев.

Осылайша, министрлік бюджеттің қыруар қаражатын қала мектептерінің құрылысына жұмсайды да, ауылдағы мектептерге жеткізе алмай жатады. Осы проблеманы шешу үшін енді ірі қалаларда жан басына қаржыландыру механизмі арқылы мектеп құрылысына бизнестің ақшасы тартылады. Ал министрлік әрбір бала үшін субсидия бөліп, кәсіпкерлердің шығындарын біртіндеп қайтарып отырады. Бүгінде тиісті норматив бекітілген. Астана және Шымкент қаласы осы жұмысты бастап та кетіпті.

Негізі, жан басына қаржыландыру жүйесі бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Астананың экс-әкімі Әсет Исекешев те аталған жүйенің тиімділігін алға тартқан болатын. Мәселен, оның сөзінше, субсидия беру нәтижесінде соңғы үш жылда жеке меншік балабақшаларда қосымша 18 мың орын ашылды. Соның бәрі мемлекеттік балабақша болып салынса, 75 құрылыс нысанын тұрғызу қажет. Ал оған жергілікті бюджеттен 90 млрд теңге кететін еді. Бүгінде жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жылына 6 млрд теңге ғана жұмсалады. Оған қоса, бизнесмендер өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазынаға салық та түсіп тұрады. Дәл осындай тәжірибе мектептерге де таралады. Астананың бұрынғы әкімі Әсет Исекешевтің пайымынша, жан басына қаржыландыру тетігі арқылы мұғалімдердің жалақысын да көтеруге болады.

«Талдауға сәйкес, қаржыны тиімді таратудың нәтижесінде әрбір мектеп бюджеттің 20 процентін үнемдеп, соған мұғалімдердің жалақысын көтере алады. Мысалы, былтыр мұғалімдердің орташа жалақысы 100 000 -110 000 теңге болса, биыл жаңартылған білім мазмұны үшін берілетін үстемақы мен жан басына қарай қаржыландыру жүйесімен бірге орташа жалақы 150 000 теңгеден асуы әбден мүмкін», - деген еді Әсет Исекешев.

Әрине, мұның барлығы бірден іске аспайды. Ол үшін ең бірінші кезекте мектептің менеджменті мықты болу тиіс. Сонда ғана ақша үнемделеді. Ал, ең бастысы, білімнің сапасы жоғары болуы шарт. Сол кезде оқушылар сапалы мектепке көбірек келеді. Оқушылар көп болса, жан басына қаржыландыру бойынша ақша да көбірек түседі.

Білім бәсекесі демекші, биылғы оқу жылының тағы бір маңызды жаңалығы - академиялық еркіндік. Бұл дегеніміз, мектептердің педагогикалық кеңестері біраз мәселелерді өздері шеше алады. Енді бір типтік оқу жоспары болмайды. Әрбір мектеп өзіне ыңғайлы жоспарды жасап, қолдана береді.

Министр Ерлан Сағадиевтің сөзіне қарағанда, ендігі жерде бес күндік оқуды жалғастыру, типтік оқу жоспарын таңдау, пәндерді ағылшын тілінде жүргізуге көшу, экстернатқа рұқсат беру, кейбір пәндерді бөліп, не бөлмей оқыту, білім сапасын бақылау және тағы да басқа мәселелерді педагогикалық кеңес өзі шешеді.

«Мектеп өзіне келетін оқу жоспары бойынша жұмыс істей алады. Осылайша, барлық мектептерге академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейміз. Жалпы, мектеп жоспарларымен қатар гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер, кешкі мектептер үшін оқу жоспары дайындалғанда мұғалімдердің ұсыныстары ескерілді», - дейді министр Сағадиев.

Бұдан бөлек, мектеп мұғалімдері сынама тест, қосымша құжат толтыру сияқты артық жұмыстан толығымен босатылады. Соның арқасында академиялық еркіндікті тиімді пайдалануға болады.

Әлбетте, бірінші басшының білім сапасын көтеремін деген ниеті болмаса, мектепке мықты мамандар келмейді. Ал мықты мамандар болмаса, бәсекеге төтеп беру қиын. Осыған байланысты мектеп директорларын тағайындау ережелері де күшейтіліп отыр. Жаңа қағидаға сәйкес, үміткер төрт кезеңнен тұратын конкурстан өтеді. Алдымен мектептің қамқоршылық кеңесінен өту керек. Одан кейін заңнамалық тест тапсыруы шарт, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық және қалалық деңгейде өтетін сұхбаты бар. Мектеп директоры тек төрт жылға тағайындалады. Ары қарай жұмыс істеймін десе, конкурстан қайтадан өтуге тура келеді. Ал мектептің қамқоршылық кеңесіне әкімдік өкілдері, мектеп басшылығы, демеушілер, мектеп түлектері, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдардың кіретінін ескерсек, басшылыққа кәсіби әрі білікті мамандар ғана тағайындалады деген сенім бар.

Айтпақшы, министрлік қазақ және орыс мектептерінің білім жағынан теңескенін мәлімдеді. Бұл дегеніміз, қазақ тіліндегі білімнің сапасы көтерілді деген сөз. Енді мемлекеттік гранттарды «қазақ және орыс топтарына» деп екіге бөлмей, барлығына бірдей конкурспен тағайындау ұсынылып отыр. Аталған бастама қолдау тапса, қазақ және орыс мектептерінің оқушылары бір грантқа таласады. Демек, алдағы уақытта білім бәсекесі қыза түседі...

Соңғы жаңалықтар